Мұғалімдерге балаларды зорлық-зомбылықтан қорғаудың негізі үйретіледі - А.Сәрінжіпов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов кейінгі кезде балаларға қатысты зорлықтың көбеюіне алаңдаушылық білдірді.
«Бұл - қазіргі уақытта қоғамның талқысында жүрген өте күрделі мәселе. Соған орай, Президент Әкімшілігі, Бас прокуратура және Үкімет арнайы кеңес өткізді. Оның қорытындысында балаларға қатысты зорлықты алдын алу бойынша 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары жасақталды», - деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, осы жоспар бойынша жұмыс басталып та кеткен. Ол құжатта балалардың қауіпсіздігіне қатысты тақырып оқу бағдарламасына енгізіледі. «Жергілікті органдармен бірге біз қауіпсіздікті сақтау бойынша кешенді іс-шараларды жасақтаудамыз. Онда қауіпсіз маршруттар мен түсіндіру жұмыстары сынды шаралар еніп отыр. Барлық мектептер оқу жылы басталғанға дейін психологтармен қамтамасыз етіледі. Мұғалімдерге арнайы тренингтер барысында балаларды зорлық-зомбылықтан қорғаудың негіздері үйретіледі», - деп атап өтті А.Сәрінжіпов.