Мұғалімнің мәртебесі туралы заң жария талқыланса игі - Молот Солтанаев
ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауының қай-қайсысы да егемен еліміздің еңсесін тіктеу жолында бағалы бағыт-бағдар беруімен баурайтын. Биылғысы да сол игі қадамды баянды етіп, жан-жақты да терең қамтылған құнды қағидаларымен қатты қуантты.
Бәрінен бұрын Президенттің педагогтардың беделін биіктету бағытындағы ой-байламдары айрықша тәнті етті.
«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауға орай Алматы облысы Панфилов ауданы Алмалы ауылындағы Елтінді батыр атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Молот Солтанаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ұстаз» деген сөздің «Отан», «Ар», «Адамгершілік» сияқты қасиетті ұғымдардың қатарында аталуы тегіннен-тегін емес. Өйткені, кез келген елдің ертеңі - білімді буынның иелігінде болатынын ескерсек, онда оларды бүгінгі таңда тәрбиелеп жатқан педагогтардың рөлі орасан зор екені өз-өзінен-ақ белгілі. Ұлт ұстазы, қазақ руханиятының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жаны - мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі де сондай болмақшы. Демек, мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі - білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім» - депті.
Арада бір ғасыр өтсе де, Алаш арысының бұл сөзі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Қайта жаһандану үрдісі белең ала бастаған бүгінгі күнде оның көкейкестілігі тіптен арта түсуде. Бұл мәселенің дұрыс шешім табуы - әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуға талпынып отырған қазіргідей кезеңде тіптен зор маңызға ие.
«Осындай сындарлы сәтте ұлтымыздың салт-дәстүрін қадірлейтін, адами ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, ізденімпаз, шығармашыл, жаңалыққа жаны құмар интеллектілік потенциалы жоғары, өркениетке ынтығатын, білім мен ғылымның тереңіне үңіле білетін жеке тұлғаны қалыптастыру - жаңа формация мұғалімдерінің тікелей міндеті», - дейді Молот Солтанаев.
Бұл ретте педагог Елбасы Жолдауында білім беру саласы мен жастарды тәрбиелеу мәселесінен осындай рухты сезінгенін айтады.
Оның айтуынша, ең қуантарлығы, қоғамдағы басты тұлға - педагогтардың беделін арттыру, оны арнайы заңмен бекемдеу жөніндегі өте орынды ұсыныс.
«Енді алдағы уақытта бұл заң жобасы жария түрде талқыланса деген тілегім бар. Сонда көпшілік өз іс-тәжірибелерінен көрген-білген, көкейге түйген ой-пікірлерін ортаға салып, педагог мәртебесі туралы заңның заман талабына сай болуына көп септігін тигізеді, Жалпы, барша адам баласын ізгілікке, білімділік пен біліктілікке тәрбиелейтін мұғалімдердің мәртебесі ешқашан төмендемек емес, төмендемейді де! Өйткені, адамзат барда - адами құндылықтарды қастерлеп, ізгі амалдарға үндейтін ұстаз ұлағаты да мәңгілік жасай бермек! Елбасымыздың жаңа Жолдауы бұған көзімізді тағы да бір рет анық жеткізіп, сенімімізді арттырды»,- дейді ардагер ұстаз.
Молот Солтанаев - оқу-ағарту саласында жарты ғасырдай талмай еңбек еткен, оның ішінде отыз жылдан астам басшылық қызметте болған тәжірибелі ұстаз, білікті маман.
«Білім беру ісінің үздігі», бірнеше медальдың иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, бірнеше поэзиялық және прозалық кітаптардың авторы.