Мұғалімнің жетістігі шәкірттерінің табысынан көрінеді – үздік педагог

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Мұғалімнің жетістігі шәкірттерінің табыстарынан көрінеді. Республикалық «Үздік педагог – 2021» байқауының жеңімпазы, Тасқала ауданындағы С.Жақсығұлов атындағы орта мектептің география пәні мұғалімі Светлана Ирғалиева ҚазАқпарат тілшісінің сұрақтарына осылайша жауап берді.

Мұғалімнің жетістігі шәкірттерінің табысынан көрінеді – үздік педагог

-Светлана Мидхатқызы, биыл «Үздік педагог» атанғанға дейін қандай жолдан өттіңіз?

-Мен Камен (қазір Тасқала) ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келдім. Сондықтан болар, мұғалімдік мамандықты бірден таңдадым. Өзім өмір бойы үлгі ететін ұстаздарым да аз болған жоқ. Әсіресе, Татьяна Андреевна Саппа, Евгений Иосифович Емелин туралы шәкірттеріме үнемі айтып отырамын. Қазір өзім еңбек ететін мектепті бітіргеннен кейін бірден М.Горький атындағы Пермь мемлекеттік университетіне география факультетіне оқуға түсіп кеттім. 1993 жылы диплом алып, өзімнің алтын ұяма география пәнінің мұғалімі болып оралдым.

Міне, педагогикалық жұмыс өтілім де 27 жылдан асты. «Үздік педагог» атануым да осы кезеңдегі еңбегімнің жемісі деп ойлаймын.

-Ендеше, табыстарыңызды айта кетсеңіз?

-Түрлі іс-шараларда даңқты жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Садық Шәкелұлы Жақсығұлов атындағы мектептің намысын абыроймен қорғауға тырысамын. Мысалы, Берлинде (Германия) өткен жаңашыл мұғалімдердің 7-Еуропа форумына Қазақстан атынан қатыстым. Республикалық, облыстық кәсіби байқаулардың бірнеше рет жеңімпазы атандым. Мұндай конкурстарға тек жас әріптестеріміз ғана емес, тәжірибелі ұстаздар да қатысуы керек деп санаймын. Өйткені ондай іс-шаралар мұғалімнің шығармашылық қабілетін шыңдап, жылдар бойы жинаған тәжірибесін жүйелеуге мүмкіндік береді. Басқа педагогтармен өз жаңалықтарымызбен бөлісу мүмкіндігін мүлт жіберуге болмайды деп есептеймін.

Соңғы байқауға қатысты айтарым, Қостанай жұртшылығы еліміздің үздік педагогтарын тамаша қарсы алды, сол үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді.

-«Шәкіртсіз ұстаз тұл», демекші, өз қатарынан оза шауып жүрген оқушыларыңыз да аз емес шығар?

-Мұның сыры өз пәнімізді барынша жаңашылдықпен беруде деп білемін. 2002 жылдан бері өз жұмысымда жобалық қызмет тәсілін қолданып келемін. Соның нәтижесі болар, шәкірттерімнің жобалары халықаралық, республикалық конференциялар мен байқауларда жоғары баға алып жүр. Мысалы, 2019 жылы Арина Иньшина Қарағанды қаласында өткен республикалық экологтар форумында екінші орынға ие болды. Одан бұрын, 2012 жылы тағы бір шәкіртім Анель Қалиева Мәскеу қаласында өткен әлеуметтік маңызы бар зерттеу жұмыстарының халықаралық байқауына Қазақстан атынан қатысты. Сондай-ақ Сәуле Ишанғалиева мен Диана Мұратова оқушылардың ғылыми жарыстарының облыстық кезеңінде топ жарса, Кәмила Шәтенова әл-Фараби халықаралық олимпиадасында озып шықты. Осылайша олар география пәнінен алған білімдерін жоғары деңгейде көрсетіп келеді. Алдағы уақытта да солай боларына сенемін.

Қорыта айтқанда, мұғалімнің жетістігі шәкірттерінің табыстарынан көрінеді. Түптеп келгенде, біздер, ұстаздар, үздік түлектер тәрбиелесек, болашақта олар мықты маман болып, еліміздің одан әрі өркендеуіне сүбелі үлес қосады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әсел Ерментаеваның ұстаздың абырой-беделі оның өзіне байланысты екенін, Дәметкен Баенованың мұғалімге құрмет те, мәртебе де қажырлы еңбекпен келетінін айтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Құралай Исқақова ұстазға оқып-үйрену мен ізденуді өмір бойы тоқтатпауы керектігін жеткізді.

Тәрбиеші Үміт Елжанова балдырғандармен жұмыс істеу үлкен бақыт екендігін атап өтті.