Мұғалім іссапар шығындарын өзі қалтасынан төлеуге міндетті ме
АСТАНА. KAZINFORM — Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Жұмашев Қаныбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мұғалімнің іссапар шығындары қалай өтелетінін айтты.
— Шалғай ауылдағы мектеп мұғалімдері аудан орталығына, облыс орталығына біліктілікті арттыру курстары мен конференцияларға, семинарлар мен дөңгелек үстелдерге бару үшін іссапарға барады. Кейбір мектептерде осы шығындарды мұғалім өз қалтасынан төлейді екен. Бұл қаншалықты заңды, — деп сұрады журналист.
Серік Әшіров тек мемлекеттік мекемелер ұйымдастыратын іссапардың шығыны ғана бюджет есебінен төленетінін айтты.
— «Өрлеу» біліктілік арттыру орталығы сияқты мемлекеттік мекемелер ұйымдастыратын әдістемелік жиындар мен шараларға қатысудың іссапар шығындары толықтай жергілікті бюджет есебінен төленеді. Нақтылап айтсақ, сол мектептің немесе аудандық білім бөлімінің есебінен төлену керек. Төленбеген жағдай болса, біздің комитетке хабарлассын, тиісті шара қабылдауға дайынбыз, — деді комитеті басшысы.
Еске салсақ, жыл басында Қызылорда қаласындағы «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының бас есепшісі іссапар мен жалақыға көзделген 50 млн теңгені жеке шоттарына заңсыз аударғаны әшкере болған еді.