Мұғалімді өлтірген оралдық 12 жылға сотталды

ОРАЛ. KAZINFORM – БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Орал қаласында мұғалімді өлтірген Темір Сәрсеновке қатысты іске нүкте қойылды.

Маңғыстауда жүкті әйелін пышақтаған тұрғын 15 жылға сотталды
Фото: pexels.com

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған тұрғынға ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі (адам өлтіру), 188-бабының 1-бөлігі (ұрлық) және 287-бабының 3-бөлігіне (атыс қаруын, оқ-дәрілерді заңсыз иемдену және сақтау) сәйкес айып тағылды. 

Сотта анықталғанындай, биылғы сәуірде сотталушы бұрыннан таныс мұғалімнің үйіне келіп, екеуара келісім бойынша компьютерін жөндеген. Содан кейін екеуінің арасында кикілжің туындап, ер адам әйелді жатын бөлмедегі диванға жығып, үстіндегі кофтасының жағасымен қылғындырған. Марқұм сол жерде жан тапсырған.

Сотталушы онымен қоймай, қылмыстық ойын ақырына дейін жеткізгеніне күмәнданып, жәбірленушінің мойнына пышақ жарақаттарын келтірген. Салдарынан әйелдің мойын қан тамырлары түгел кесілген.

Содан кейін жәбірленушіге тиесілі алтын бұйымдарды, сөмкесін, ұялы телефонын және ақшаны иемденіп, оған 1 млн 740 мың теңге мөлшерінде материалдық залал келтірген.

Оған қоса аталған ер адам 2023 жылдың қыркүйек айының соңында Бәйтерек ауданы Володар ауылы маңында Жайық өзені жағасындағы орман алқабында «ТОЗ 17-01» маркалы карабинді, қасындағы оқ-дәрiлерімен көріп, бұларды заңсыз иемденіп, тұрғылықты мекен-жайында сақтаған.

«Сот сотталушының жасаған қылмыстарының сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін ескере отырып, оған ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігімен 11 жылға, 188-бабының 1-бөлігімен 1 жылға, 287-бабының 3-бөлігімен 1 жылға, түпкілікті 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленушінің талап арызы ішінара қанағаттандырылып, сотталушыдан оған келтірілген 1,8 млн теңге материалдық және 10 млн теңге моральдық залал өңдірілді. БҚО соты қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 13 қарашадағы шешімімен үкім өзгеріссіз қалдырылды. Үкім заңды күшіне енді», деп хабарлады ведомстводан.

Қоса кетейік, сотталушының қолынан бастауыш сыныптар мұғалімі Надежда Никитина қаза тапқан болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да әкесін өлтірген тұрғынның 10 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар