Мұғалімдерді қағазбастылықтан босату және бала тәрбиесі: Президент Жолдауы туралы пікір
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласындағы №101 мектеп директорының орынбасары Қуанар Мейман Президент Жолдауындағы білім беру саласына қатысты бастамаларға пікір білдірді. Оның айтуынша, мұғалімдерді артық құжаттамадан босату, мектептердің материалдық базасын нығайту және балаларды жауапкершілікке тәрбиелеу маңызды.
— Білім беру саласындағы қағазбастылықты азайтып, мұғалімдерді артық жұмыстан босату — өзекті мәселелердің бірі. Өйткені ұстаздың басты міндеті — құжат толтыру емес, балаға сапалы білім беріп, саналы әрі жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу. Сонымен қатар оқушы мен мұғалім арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайту маңызды. Бұл қағидалар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарымен де үндеседі, — деді ол.
Қуанар Мейманның айтуынша, білім беру саласын дамыту үшін мұғалімдердің жағдайын жақсартумен қатар, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту және заманауи білім беру ортасын қалыптастыру қажет. Соңғы жеті жылда білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артып, 6,4 триллион теңгеге жетті. Соңғы бес жылда 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынды. Сонымен қатар 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, білім беру ұйымдарында 7 мыңнан астам заманауи пән кабинеті жабдықталған.
— Президенттің келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауы білім беру инфрақұрылымын дамытуға да серпін береді. Бұл өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын көрсетеді. Жаңа Конституцияда Қазақстанның зайырлы мемлекет екені айқындалған. Сондықтан білім беру жүйесін жетілдіріп, балалардың заманауи талаптарға сай білім алуына мүмкіндік жасау маңызды. Өскелең ұрпақты ізгілікке, жауапкершілікке және жасампаздыққа тәрбиелеу — мемлекет, ұстаздар мен ата-аналарға ортақ міндет. Осы бағытта күш біріктірсек, балалардың үйлесімді дамуына жол ашамыз, — деп санайды білім саласының маманы.
Бұған дейін бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға жағдай жасалатынын жазған едік.
Ал елде педагог мәртебесі қалай қорғалып жатқанын мына шолу мақаладан оқыңыз.