Оқушыдан дөрекілік көрген ұстазға мектеп әкімшілігі де қысым жасайды – Президент сыны
АСТАНА. KAZINFORM — Ұстаздың оқушыларға білім беруіне кедергі келтіретін басы артық жұмыстарды доғару керек. Бұл жөнінде Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
Мемлекет басшысы қоғамда оқу-ағарту саласындағы реформаларға қатысты түйткілдер көп талқыланып жүргенін атап өтті.
– Әр өзгеріс мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге, оның қызметіндегі артық жүктемені азайтуға бағытталуы керек. Іс жүзінде бұл міндет толық орындалмай жатқаны жасырын емес. Бұрын қағазбастылық көп еді. Енді оның орнын түрлі платформаларға, цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басып отыр. Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек. Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет. Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағдайлар да аз емес. Мұндай кезде көбінесе мектеп әкімшілігі де мұғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл – дұрыс емес, – деді ол.
Президенттің сөзінше, әр мәселе мұқият әрі жан-жақты қаралуға тиіс. Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек. Ал Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты жіті назарда ұстауы қажет.
Айта кетейік, бұған дейін Президент жаңа Салық кодексіндегі қайшылықтарды жою қажеттігін мәлімдеген еді.