Мүгедегі бар отбасындағы жалғыз ер баланы әскерге шақыру кейінге қалдырылатын болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мүгедегі бар отбасындағы жалғыз ер баланы әскерге шақыру кейінге қалдырылатын болады. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова осылай мәлім етті.
Еске сала кетейік, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланған болатын.
Министрдің айтуынша, аталған заң жобасы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бойынша бірнеше бағыттарды қамтиды. Оның ішінде көлік инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру, әлеуметтік сала қызметтерін жақсарту, ақпарат пен тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру, сонымен бірге құқықтық көмекті жетілдіру қамтамасыз етіледі.
«Мәселен, заң жобасымен мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін көлік инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру мақсатында вокзалдар мен әуежайларда кедергісіз орталық құру, теміржол құрамдарын мүгедектер үшін қолжетімді вагондармен жабдықтау, қоғамдық орындар мен даңғылдарда, көшелерде көлік құрылдарын қоюға болмайтын орындарға мүгедектер үшін көлік автотұрағын бөлу қарастырылады. Бұдан бөлек, құрылыс салу қағидаларында, инженерлік инфрақұрылымдар аумақтарында мүгедектер үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету талаптарын міндетті түрде ескерілетін болады», - деді министр Тамара Дүйсенова.
Оның айтуынша, әлеуметтік сала бойынша білім беру саласында қолданыстағы инклюзивті білім беру білім беру қағидатын ескере отырып, білім берудің жалпыға міндетті стандарттарын әзірлеу қарастырылады. Сонымен қатар, психологиялық кабинеттер кеңейтіліп, мүмкіндігі шектеулі балалардың кеңінен білім алуы қамтамасыз етілмек.
«Тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектерге берілетін баспана пәтерінің екінші қабаттан жоғары болмауы, басқа баспана берместен үшінші топ мүгедектерін қызметтік тұрғын үйден шығаруға жол бермеу қарастырылып отыр. Ал құқықтық көмекті жетілдіру мақсатында мүгедегі бар отбасындағы жалғыз ер баланы әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру көзделді. Сонымен қатар, жүріп-тұру қиындығына байланысты мүгедектік жағдайда неке қиюдың мемлекеттік тіркелімін үйде, медициналық немесе өзге де ұйымда жүргізу қамтылады», - деді Т. Дүйсенова.