Мүгедек азаматқа қарақшылық шабуыл жасаған 2 бұзақы қолға түсті

АСТАНА. 28 сәуір. ҚазАқпарат - ІІ топтағы мүгедек азаматқа қарақшылық шабуыл жасаған 2 бұзақы қолға түсті,
None
None

деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Ведомствоның атап өтуінше, оқиға Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының Қиялы ауылында орын алған. Қас қарайған кезде екі белгісіз адам ІІ топтағы мүгедектің үйінің есігін бұзып кіріп, оны қолдарындағы темірмен және таяқпен соққының астына алады. Олар жәбірленушіден барлық ақшасын беруді талап етіп, үй ішіндегі заттардың астан-кестенін шығарады. Темір сүйменмен комод есігін сындырып ашқан бұзақылар ақша және үй иесінің ұялы телефонын олжалап оқиға орнынан бой тасалайды. Жәбірленушінің айтуынша, қарақшылар үйде болған 400 мың теңгені алып кеткен. Басы жарылған ер адам болған оқиға жайлы өзінің әлеуметтік көмекшісі арқылы учаскелік полиция инспекторына хабарлайды.

«Оқиға орнына шыққан Аққайың аудандық ішкі істер бөлімінің жедел тергеу тобы бірден қылмыскерлерді іздестіру шараларын жүргізе бастады. Ауылдан шығатын жолдарда бекеттер қойылып, жедел уәкілдер жәбірленушінің көмегімен қарақшылардың бет әлпетін, киген киімдерін анықтап, олардың ауызша портреттерін жасады. Іздестіру шараларын жүргізу барысында бұл қылмысқа аталған елді мекеннің екі тұрғыны қатысты болуы мүмкін деген болжам жасалды. Бір тәуліктен кейін күдіктілер ауылдағы үйлердің бірінің қорасында, полициядан тығылып жатқан жерлерінде ұсталды», - делінген баспасөз хабарламасында.

Күдіктілердің екеуі де Қиялы ауылының 27 жастағы тұрғындары болып шықты. Олардың бірі бұған дейін автокөлік ұрлағаны үшін сотталып, жазасын бір ай бұрын ғана өтеп шыққан. Ұсталғандар қылмыс жасағандарын бірден мойындап, шабуылға алдын ала дайындалғандарын айтып отыр. Қылмыс жасағаннан кейін күдіктілер таксимен облыс аумағынан шығып кетпекші болған. Бірақ жол полициясының автокөліктерін көрген жігіттер селоға қайта оралып, үюлі тұрған шөп арасында жасырынған.

«Қазіргі кезде күдіктілердің екеуі де қамауға алынып, 60 жастағы жәбірленуші аудандық ауруханада емделуде. Қарақшылық шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген ведомство ақпаратында.

Соңғы жаңалықтар