Мүгедек балалар мектептері интернетпен 100 пайызға қамтамасыз етіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Үкімет пен әкімдіктерге мүгедек балалар мектептерін интернетпен 100 пайызға қамтамасыз етуді жүктеді.
«Ерекше мәселе - ол мүмкіндігі шектеулі балалар мекемелерін дамыту. Осы орайда Үкімет пен өңірлік әкімдіктер алдына 2015 жылдың барысында мүгедек балалардың мектептетін интернетпен, оқытудың мультимедиялық құралдарымен, интерактивті тақталармен 100 пайызға қамтамасыз ету мақсатын қоямын», - деді Н. Назарбаев.
Айта кетейік, бүгін «Мерейлі Отбасы» байқауының барша облыстар мен Астана және Алматы қалаларынан жеңімпаз атанған барлық 16 отбасының әрқайсысына көліктің кілті тапсырылды.