Мүгедек баласы бар адамдар Астана автобустарында тегін жүреді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев жолақы үшін автобус кондукторымен сөзге келген мүгедек балалардың анасының шағымына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мүгедек баласы бар адамдар Астана автобустарында тегін жүреді

Қазіргі ережеге сәйкес, 7 жасқа дейінгі мүгедек баланы алып жүргенде ғана асыраушысы Астана автобустарымен тегін қатынай алады. 

«Біз күн сайын кондукторлармен ұрысамыз, кейде арты жанжалға ұласып кетеді. Олар біздің көк кітапшамызды тартып алады және жолақы картасын талап етеді. Менің екі мүгедек балам бар, жеке көлігім жоқ, күн сайын автобуспен қатынаймын. Жол жүру ақысы - 90 теңге. Тегін жүру үшін баламды өзіммен алып жүруім керек пе?», - деді қала тұрғыны әкімнің халыққа есеп беру кезесуінде.

Қалалық жұмыспен қамту басқармасының басшысы Ермек Оспанов аталған мәселенің шешіліп жатқанын, қаржыландырудың жүргізілгенін айтты. Қазір құжаттар кәсіпкерлер палатасында қаралып жатыр, себебі бұл шешім шағын және орта бизнес мүдделерімен тығыз байланысты көрінеді.

Өз кезегінде, Әсет Исекешев мүгедек балалардың асыраушылары үшін жол жүру ақысын тегін ету бойынша тезірек шешім қабылдауды тапсырды.