Мүгедек жасөспірімге қызмет көрсетпеген әуе компаниясы жазаланды

АСТАНА. KAZINFORM — Бас көлік прокуратурасы хабарлауынша, әуе компаниясы кәмелет жасына толмаған жасөспірімге уақтылы қызмет көрсетпеген.

Астана әуежайы
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— 2024 жылдың 3 қарашасында Санкт-Петербург-Астана рейсімен ұшып келген мүмкіндігі шектеулі кәмелетке толмаған жолаушыға әуе компаниясы тиісті қызмет көрсетпеген. Ұзақ күткен жолаушының әкесі баланы ұшақтан өзі шығаруға мәжбүр болды, — делінген хабарламада.

Ақпаратта айтылғандай, қызметті уақтылы көрсетпеуге әуе компаниясы қызметкерлерінің мүгедек арбасының қажеттігі туралы қате хабарламасы себеп болған. 
Осылайша Астана авиациялық көлік прокуратурасы ерекше қажеттігі бар жолаушы құқығының бұзылғанын анықтады.

— Прокуратура актісі бойынша әуе компаниясы тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды (Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 571-бабының 1-бөлігі), — дейді Бас көлік прокуратурадан.

Еске сала кетсек, былтыр Air Astana компаниясының ұшағы 12 жасар қыз бала — Зерені «Астана-Орал» рейсінен қалдырып кеткені туралы жазған едік. Сот шешімімен әуе компаниясы баланың ата-анасына 5 млн теңге моральдық өтемақы төлейтін болды

Соңғы жаңалықтар