Мүгедектер қоғамдарына 10 жаңа Volkswagen автокөлігі сыйға беріледі

АСТАНА. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат - Сенбі күні, 28 қыркүйекте Қазақстанның 5 қаласындағы мүгедектер қоғамдарына «Сәби» қайырымдылық қорынан 10 жаңа Volkswagen автокөлігін сыйға беру рәсімі өтеді. Бұл туралы қордың баспасөз қызметінен хабарлады.

Мүгедектер қоғамдарына 10 жаңа Volkswagen автокөлігі сыйға беріледі

Осылайша, қазір біздің еліміздің 20 қаласында мүмкіндіктері шектелген адамдарға көлік қызметін көрсететін «Әлеуметтік такси» тегін қызметі жұмыс істей бастайды.

Осы қызметтің арқасында еліміздің мыңдаған адамдары қозғалыс еркіндігін сезіне алды. Енді қызметтің телефон нөмірін терсеңіз болды, сіздің қалаған жеріңізге арнайы көлік жеткізіп салады. Егер адам бірінші қабаттан жоғары тұратын болса, оны «Әлеуметтік такси» жабдықталған арнайы көтергішпен түсуге, көтерілуге көмектеседі. Осы қызметтің бәрі тегін көрсетіледі.

Осындай пайдалы жобаны іске асыруға «Сәби» қоры 400 000 000 теңге жұмсады.