Мүгедектер мен ардагерлердің әлеуметтік мәселелері талқыланды

АЛМАТЫ. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің ұйымдастырумен Елбасының жолдауы бойынша ардагерлер, мүгедектер ұйымдарының өкілдерімен кездесу өтті,

Мүгедектер мен ардагерлердің әлеуметтік мәселелері талқыланды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің директоры Ялқунжан Баратовтың айтуынша, Жолдаудағы басты мәселенің бірі қоғамның әлеуметтік әлсіз бөлігін қолдау. Бүгінгі кездесу осы бағытта өткізіліп отыр, дейді ол.

Кездесуге «Бастау» МКК директоры Жанат Нұрғазин, «Алматыжылужелісі» АҚ директоры Игорь Пирогов, «Алматыжылужай» АҚ директоры Валерий Торламбаев, , «Алматыэнергосбыт» ЖШС бас директоры Михайл Гамбургер, «Солтүстік шығыс» МКК директоры Аманжол Жақаев қатысып, ардагерлер мен мүгедектердің көкейкесті сауалдарына жауап берді. Ардагерлер мен мүгедектерді толғандырған сауалдардың бірі «Алматыэнергосбыт» ЖШС-не қатысты болды. Олардың айтуынша, Алматыда 400 мың пәтер бар. Сол 400 мың пәтерден есептегіш көрсеткішін жинаумен 200 адам айналысады. Бұл үлкен қала үшін тым аз. Соның нәтижесінде көрсеткіш дұрыс есептелмей, жарық жиі сөндіріледі.Мүгедектер мен ардагерлер М.Гамбургерден осы мәселеге басты назар аударуын сұрады. Алматыэнергосбыт» ЖШС директорының айтуынша, бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады. «Биылғы жылдың қазан айынан бастап байланыс орталығын ашуды көздеп отырмыз. Бұл орталық тұрғындардың пәтерлеріндегі есептегіш құралдардың көрсеткіштерін телефон арқылы жазып алумен айналысады», дейді ол.

Кездесу барысында бұнымен қатар су мен жылу, жарық тарифтері, ақы жинау сынды мәселелер сөз болды. Кездесуге қатысқан құзырлы органдардың басшылары мүгедектер мен ардагерлер көтерген мәселелердің жақын арада шешімін табатынына уәде етті.