Мүгедектер ұйымдарының ұлттық жүйесі заңды тұлғалардың одағы ретінде құрылмақ
АСТАНА. 25 наурыз. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - Астанада Қазақстандағы мүгедектер ұйымдарының ұлттық жүйесін заңды тұлғалардың одағы ретінде құру мәселелеріне арналған құрылтайшылар конференциясы өтіп жатыр.
Ұлттық жүйенің мақсаты - ауыл, аудан, аймақ, қалаларда жұмыс істейтін орта және ірі ұйымдарға біріккен әр түрлі санаттағы мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың мүдделерін еліміздің барлық әкімшілік құрылымдық деңгейінде қорғау мен құқықтарын жүзеге асыру.
Конференцияның ұйымдастырылуына «Намыс» жоғары білімі бар мүгедектер қоғамдық бірлестігі мұрындық болды.
Мүгедектер ұйымдарының ұлттық жүйесін құру жобасына Еуропалық Одақ «мүгедектер үшін әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету» жобасы аясында қолдау көрсетіп отыр. Аталмыш жоба мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мен қажетті жағдайларды қалыптастыру мәселесін шешуге бағытталған.
Айта кетелік, екі жылдық жоба 2010 жылдың сәуір айынан бастау алған болатын.
«Жүйе құрылған сәттен бастап біз үкіметпен, министрліктермен мүгедектер құқықтарын қорғау бағытында жұмыс жасамақпыз. Біз шағын қалалар мен ауылдық шеткері аймақтарда тұрып жатқан мүгедектерді басты назарға алмақпыз, себебі ірі қалалар мен облыс орталықтарында тұратын мүгедектермен салыстырғанда олар қолдау мен қамқорлыққа айрықша мұқтаж»,- деді «Намыс» жоғары білімі бар мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Иманалиев.
Қайрат Иманалиевтың мәлімдеуінше, аталмыш жүйеге қосылатын ұйымдарға арналған қолдау бағдарламаларының жобасы жасалған. «Мысалы, біз үйден шықпай-ақ ақпарат алуға болатын арнайы сайттарды жасамақпыз, екіншіден қашықтан оқыту бағдарламаларын ұсынбақпыз, үшіншіден жүйе құру арқылы қабылданған жаңа заңдар, оларға енгізілген өзгерістер жөнінде ақпараттандырамыз», - деп нақтылады Қайрат Иманалиев.
Конференция жұмысына Қазақстанның 14 облысы және Астана, Алматы қалаларынан келген мүмкіндігі шектеулі тұлғалар бірлестіктерінің, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік орган өкілдері қатысты.