Мүгедектердің сайлауда дауыс беруіне барлық жағдай жасалмақ
«Елімізде 580 мыңнан астам мүгедек азамат бар, барлығы да сайлау құқығына ие. Олардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету БҰҰ конвенциясының талабы және аталған құжатты еліміз ратификациялаған. Жалпы мүгедектердің сайлау құқығын қамтамасыз ету бүгінде Орталық сайлау комиссиясы қызметінің басты бағыттарының бірі болып отыр. Өйткені, бұған дейін ол кісілер үйлерінен дауыс беретін. Яғни, олар өтініш жазғаннан кейін, комиссия мүшелері үйлеріне баратын еді», - деді шара барысында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен.
Оның айтуынша, елімізде қазір мүгедектерді әлеуметтендіру, оларды қоғамдық жұмысқа, қоғамдық ұйымдарға тарту мәселелеріне айрықша назар аударылып отыр.
«Қазір сайлау учаскесіне келіп дауыс бергісі келетін мүгедектердің саны арта түсуде. Ал ол адамдар учаскеге келгеннен кейін қажеттіліктеріне сай материалдар, бюлетеньдерді дайындау Орталық сайлау комиссиясының міндеті. Осыған орай, ҚР ОСК бұл бағытта бірқатар жүйелі жұмыстар жасады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мүгедектердің тізімін алдық. Оны республика сайлаушыларының тізіміне қостық», - деді ҚР ОСК мүшесі.
Ләззат Сүлейменнің сөзіне қарағанда, осы жұмыс арқылы ең алдымен қай учаскеге мүгедектер үшін қажетті жағдай жасау қажеттігі анықталады. Ал учаскелерді мүгедектердің мүмкіншілігіне қарай жабдықтауға қажетті қаражат көлемін анықтау жергілікті атқарушы билікке тапсырылған. Қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясы жергілікті атқарушы органдардың ұсынысын күтіп отыр.