Мүгедектерге арналған орынға көлік қойғандарға 14,5 млн теңге айыппұл салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері мүгедектерге арналған орындарға көліктерін қойған елорда тұрғындарына 14,5 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қалалық Ішкі істер департаментіне сілтеме жасап.

Мүгедектерге арналған орынға көлік қойғандарға 14,5 млн теңге айыппұл салынды

Қалалық ІІД-нің әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Уваевтың айтуынша, жыл басынан бері мүгедектерге арналған орындарға тоқтап немесе көлігін қойғаны үшін жалпы сомасы 14 млн 566 мың 980 теңге болатын 210 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Олардың арасында 133 құқықбұзушылық бойынша 8 млн 622 мың 200 теңге алынды. Желтоқсанның 4-5 күндері 567 мың 250 теңгенің құқықбұзушылығы анықталды.

Астана қаласы ІІД-нің әкімшілік полиция басқармасы «Тең мүмкіндіктер жолы» республикалық акциясының аясында арнайы рейд жүргізген. Аталмыш шараға жол және коммуналдық қызмет өкілдері де қатысып, олар көшедегі жолдардың жағдайы, мүгедектер жүретін жерлердің қаншалықты талапқа сай екендігі, жаяу жүргіншілер жүретін жолдардың жағдайына тексеру жүргізген.