Мүгедектерге нысандардың қолжетімділігі картасын әзірлеу қажет - С. Әбденов

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 2012-2018 жылдарға арналған мүгедектердің өмір сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы туралы баяндама жасаған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов мәлім етті.
Министрдің айтуынша, мүгедектер үшін инватакси қызметін дамытудың сәйкесінше нормативтерін бекіту қажет. Сондай-ақ жыл сайын инватакси қызметін дамытуға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру керек.
«Біз нысандарға қолжетімділік картасын әзірлеуді ұсынамыз. Басқаша айтқанда, ақпараттық автоматтандырылған база дайындау керек. Жоспарды жүзеге асырудың бірінші кезеңінде ол нысандардың қолжетімділігін төлқұжаттауды мониторингілеуге және оларды бейімдеуге пайдаланылатын болады»,-деді С. Әбденов.
Министрдің атап өтуінше, осыдан кейін Картаны азаматтарға қолжетімді сайтқа орналастыруға болады. Одан әрбір адам республика бойынша өзіне қажетті ақпараттарды ала алады.