Мүгедектігі бар адамдар үшін онлайн қызмет алуда кемшін тұс көп - Сенат депутаты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мүгедектігі бар адамдар үшін онлайн ақпарат немесе қызмет алуда кемшін тұс көп. Сенат депутаттары мәселені уәкілетті органдардың басшыларымен талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None

Бұл отырыс Сенат депутаты Ләззат Қалтаеваның бастамасымен өткізілді. Депутат азаматтардың, оның ішінде көру қабілеті бұзылғандардың өтініштері бойынша мемлекеттік органдар сайттарының, сондай-ақ мобильді қосымшалар мен өмірдің түрлі салаларындағы басқа да қызметтердің қолжетімсіздігі мәселесін көтерді.

«Бұған дейін мүгедектігі бар адамдарға цифрлық технологиялар мен ақпараттың қолжетімділігі тақырыбы туралы депутаттық сауал жолдаған едім. Берілген жауапта уәкілетті органдар бұл салада жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты», - деді сенатор Ләззат Қалтаева.

Ләззат Қалтаева өзінің депутаттық сауалында мемлекеттік органдардың сайттары, бірқатар электрондық қызметтер: жеделхат-боттар, бағдарламалық және мобильді қосымшаларға мүгедектігі бар адамдардың қол жеткізуі мүмкін емес екенін көрсеткен. Сенатордың айтуынша, осыған байланысты мүгедек адамдарды ақпаратпен, цифрлық ресурстармен және сервистермен қамтамасыз етудің қолданыстағы стандарттарын қайта қарау қажеттігі туындап отыр.

Уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, заңнамалар мен ұлттық стандарттарға өзгерістер енгізу мәселесіне тоқталды.

Отырысқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Сауда және интеграция, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар