Мүгедектігі бар жандар үйінде отыра бергеннен гөрі қалаға шығып, мектеп, демалыс орындарына шығып тұрғаны жөн - Ә. Аманбаев
АЛМАТЫ. 26 шілде. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Егер еліміздің кәсіпкерлері "Алматы ГазИнженеринг" компаниясынан үлгі алып, демеушілік жасаса, мүгедектігі бар адамдар төңірегіндегі мәселелер жылдамырақ шешілер еді. Бұл жайында бүгін Алматы қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Әли Аманбаев мүгедек жандарды таситын автокөліктің табысталуы кезінде айтты.
Ол бүгінгі табысталып жатқан көліктердің маңызы өте зор екендігін және мүгедектігі бар жандар төрт қабырғаның ішінде отыра бергеннен гөрі қалаға шығып, мектеп, демалыс орындарына шығып тұрғаны жөн екендігін жеткізді.
"Қазіргі күні мүгедектігі бар адамдардың қоғамға етене араласуы үшін түрлі мектептер, мәдени үйірмелер ашылуда. Алайда олар үйінен шыға алмай, сол мекемелерге бара алмаса, ондай үйірмелердің еш пайдасы жоқ. Сондықтан мүгедектігі бар жандарды тасымалдайтын арнайы автокөліктер жұмыс істегені орынды", -дейді Ә.Аманбаев.
Сонымен қатар ол мүгедек жандар да басқалар секілді барлық істерге араласуына мүмкіндігі бар екендігін, мәселен спорт, мәдени іс-шаралармен айналысуына толықтай құқылы, тек ондай жандарға жағдай жасау қажеттігін жеткізді.
"Қазір демалыс күндері саябақтардың маңайына барсаңыз мүгедектігі бар адамдардың көптеп жүргендігін байқайсыз. Бұл оларды тасымалдайтын арнайы көліктердің пайда болуымен байланысты. Келесі жылы қала бюджетінен қомақты қаржы бөлінеді деп күтілуде, егер олай болса басқа топтағы мүгедектігі бар жандарды да қаланың кез-келген жеріне жеткізу мүмкіндігі туады", -деп атап өтті Әли Аманбаев.
Сондай-ақ ол көзі жөнді көрмейтін адамдарды да арнайы көліктермен тасымалдау керектігін, әйтпесе қоғамдық көліктерде олар қатты қиналатындығын атап өтті.