Мүгедектікке қатысты өмір қиындығымен күресу бәрімізге ортақ парыз болуы керек - Н. Оразалин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мүгедектік дейтін тағдыр тауқыметімен, өмір қиындығымен күресу бәрімізге ортақ парыз болуы керек. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Нұрлан Оразалин осылай мәлім етті.

  Мүгедектікке қатысты өмір қиындығымен күресу бәрімізге ортақ парыз болуы керек - Н. Оразалин

Еске салайық, Сенат «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдаған болатын.

«Қазақстан біртұтас әлемнің ажырамас бөлігі екені белгілі. Ал мына ратификация сол тұтастықтың нышаны әрі келе жатқан ғаламдық қатерді алдын алудың белгісі деп білуіміз керек. Ешкім мүгедек болғысы келмейді. Дегенмен, біреуге тектен, біреуге орынсыз іс пен жүгенсіз жүрістен бұйырған мүгедектік дейтін тағдыр тауқыметімен, өмір қиындығымен күресу бәрімізге ортақ парыз. Адам баласы өзіне қамқорлық көрсетіліп, азаматтық құқының қорғалып қоғамдағы орны бар екенін сезінуі арқылы үміті оянып, сезімі бекиді», - дейді сенатор Н. Оразаин. Оның сөзіне қарағанда, мүгедектер құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау Қазақстандағы 627 мың мүгедекке, олардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруға және қорғауға барынша кепілдік береді.

«Қазақстандағы 627 мың мүгедектің 24 пайызы немесе 150 мыңы зейнеткер, 69-мыңы немесе 1 пайызға жуығы балалар, 4-мың бала туа біткен мүгедектер. Осы сандардың өзі біздің мүгедектерге қаншалықты мән беруге тиіс екенімізді аңғартып отыр», - деді Н. Оразалин.