Мүгедектікті алу үшін дəрігердің алдына барудың қажеті болмайды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда мүгедектікті тағайындауда қанатқақты жоба жүзеге асырылмақ. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова БҚО-ға жұмыс сапары кезінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оралдағы №3 емхана жұмысымен танысқан вице-министрдің сөзіне қарағанда, БҚО медициналық ақпараттандыру жүйесі бойынша өңірлер арасында көшбасшы болғандықтан, аталмыш жоба алдымен осында қолға алынып отыр.
Мұндағы басты мақсат - мүгедектікті тағайындау кезінде көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту. Осы кезге дейін азаматтар мүгедектік алу үшін емханада тексеріліп, тиісті құжаттар жинайтын. Сосын медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтіп, дәрігер-сарапшылардың алдына келетін. Енді олай болмайды, мүгедектік емделушінің қатысынсыз тағайындалады. Адам ағзасындағы барлық көрсеткіштер денсаулық сақтау жүйесіне электронды түрде түсіп, соның негізінде тәуелсіз сарапшылар мүгедектікті тағайындайды.
«Ең алдымен емделушілер мүгедектігін дәлелдеу үшін бұрынғыдай табалдырық тоздырмайтын болады. Екіншіден, жемқорлықтың жолы кесіледі. Өйткені тәуелсіз сарапшылар мүгедектіктің кімге тағайындалып отырғанын білмейтін болады», - деді вице-министр.
Батыс Қазақстан облысында бұл жобаны мамыр айында іске қосу көзделуде.
Еліміз бойынша аталмыш қанатқақты жоба БҚО-мен қатар Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстарында қолға алынбақ. Оралда бұл жоба алдымен №3 емханада енгізіледі. Тәжірибе сәтті болса, басқа жерлерге де таратылады.
Айта кетейік, сапар барысында цифрландыру бағытындағы аталмыш жобаны жүзеге асыру мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Жарқын болашақ» цифрландыруды жүзеге асырушы компания және БҚО әкімдігі арасында төртжақты меморандумға қол қойылды.