Мүгедектікті анықтау кезінде қандай құжаттарды қайта тапсырудың қажеті жоқ

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада мүгедектікті анықтау және әлеуметтік қолдау алу кезінде мемлекеттік жүйелерде бар кей құжаттарды қайта тапсыру қажет болмайды. Бұл туралы Астана қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті басшысының орынбасары Ләззат Сартымбетова айтты. 

мүгедектігі бар
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Оның сөзінше, медициналық ұйымдар, медициналық-әлеуметтік сараптама және әлеуметтік қорғау органдары азаматқа қажетті мәліметтерді өзара алмасады.

— Азаматтар мемлекетте бар құжаттарды қайта ұсынуға міндетті емес. Медициналық тексерулер, стационардан алынған үзінді көшірмелер және диагностикалық зерттеулердің нәтижелері туралы мәліметтер ведомстволар арасында автоматты түрде берілуі мүмкін. Медициналық ұйым, медициналық-әлеуметтік сараптама және әлеуметтік қорғау органдары өзара байланыста жұмыс істейді, — деді спикер.

Ләззат Сартымбетованың сөзінше, бұл тәсіл, әсіресе мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасылар үшін маңызды. Бұған дейін ата-аналар әртүрлі әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін белгілі бір құжаттар топтамасын бірнеше рет жинауға мәжбүр болатын.

— Жаңа тәртіп бойынша мемлекеттік органдарда бар қажетті мәліметтер тиісті мекемелерге автоматты түрде беріледі. Соның нәтижесінде азаматтың бір құжатты қайта-қайта жинап, әр мекемеге жеке жүгіну қажеттілігі азаяды, — деді ол.

Айта кетейік, ведомство мәліметінше, 2026 жылғы 25 тамыздағы мәлімет бойынша, Астанада 43 403 мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 5 346-сы — бірінші топтағы, 11 733-і — екінші топтағы, 13 339-ы — үшінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар. Сондай-ақ елордада 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 12 985 бала бар.

Бұған дейін Астанада мүгедектікті анықтау процесі қалай жүргізілетіні жөнінде жаздық