Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мүгедектікті белгілеудің жаңа тәсілі: СҚО-да қызметтердің 57%-ы сырттай көрсетілді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері мүгедектікті белгілеу және қайта куәландыру бойынша 3,4 мыңнан астам адам қызмет алған.

денсаулық
Фото: Түркістан облыстық Өңірлік коммуникаицялар қызметі

СҚО халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау департаментінің мәліметінше, осы жылдың алғашқы жеті айында 762 азаматқа мүгедектік алғаш рет белгіленді.

Мамандардың айтуынша, мүгедектік көбіне қатерлі ісіктерге, инсульт салдарына, көз ауруларына, психикалық және мінез-құлық бұзылыстарына байланысты беріледі.

Қазіргі уақытта медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтудің екі форматы қолданылады. Олар - күндізгі және сырттай проактивті куәландыру.

Күндізгі куәландыру тек департаментте ғана емес, аудандық ауруханалардың емханаларында, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде, медициналық-әлеуметтік ұйымдарда жүргізіледі. Сонымен қатар жүріп-тұруы қиын азаматтарға тұрғылықты жері бойынша көшпелі форматта қызмет көрсету қарастырылған.

- Сырттай проактивті куәландыру Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мүгедектікті белгілеу рәсімін жеңілдету мақсатында енгізілген. Бұл жағдайда азамат медициналық ұйымға ғана жүгінеді және медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне барудың қажеті жоқ.

Бұл тәсіл әсіресе облыстың шалғай аудандарында тұратын тұрғындар үшін маңызды. Азамат қажетті медициналық тексеруден өткеннен кейін құжаттар электронды форматта сараптамаға жіберіледі, - дейді мамандар.

Бүгінде сырттай куәландыруға 23 нозология енгізілген. Биыл осы қызмет түрін 1918 адам пайдаланған. Бұл мүгедектікті белгілеу бойынша көрсетілген қызметтердің жалпы санының - 57%.

- Сырттай медициналық-әлеуметтік сараптама барысында сарапшылар азаматтың жеке басына қатысты ақпаратты көрмейді, тек медициналық деректермен жұмыс істейді. Мұндай тәсіл қызмет көрсету процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, қызмет көрсетуші мен қызмет алушы арасындағы тікелей байланысты болдырмайды. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді, - дейді Гүлбақыт Манабаева.

Бұған дейін Жамбыл облысында алғаш рет мүгедектік белгіленген балалар саны 23%-ға өскенін жазған едік.