Мұхамедиұлы ел қоржынына «алтын» салған Диас Бахриддинді құттықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Жасөспірімдер олимпиадасында алтын медаль жеңіп алған ескек есуші Диас Бахриддинді құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тәуелсіз Қазақстанның спорт тарихында ескек есуден тарихи жеңіс орын алып отыр. Небәрі 16 жасыңызда Жасөспірімдер Олимпиада ойындарында алтын медаль алдыңыз. Сіздің спорттық мансабыңызда бұл - алғашқы жарқын жеңіс. Мен Сізден Олимпиада ойындарында тағы да жарқын жеңістер күтемін», - деді министр құттықтауында.
Министр бұл жеңіс жас спортшының ерік-жігерінің мықтылығын, кәсіби даярлығының жоғары екендігін дәлелдегенін айтты.
«Бүкіл әлем халқының алдында Қазақ елінің әнұранын көкте шарықтату арқылы соңыңыздан ерген жас спортшылардың жүрегіне жеңіске деген сенім ұялаттыңыз. Сіздей қазақтың дара ұлдары барда ел спорты қарыштап дамитынына сенімдімін. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, болашақта үлкен жеңістер тілеймін»- делінген министрдің құттықтау хатында.
Естеріңізге салайық, Диас Бахриддин 1:54:66 көрсеткішімен, өзбек спортшысынан басым түсіп, бірінші орын алған болатын. Бұған дейін ескек есуші Стелла Суханова Жасөпірімдер олимпиадасында қола медальді еншілеген.
Айта кетейік, III Жазғы Жасөспірімдер Олимпиада ойындары Буэнос -Айрес қаласында қазанның 6 - 18 аралығында өтіп жатыр. Ел намысын 22 спорт түрі бойынша 57 спортшы қорғауда.