Мұхамедиұлы сағат 18:00-ден кейінгі жұмыс туралы: Мен отыра беремін
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сағат 18:00-ден кейін де жұмыста отыра беретінін мойындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сағат алты дейсіз. Қазір сағат алтыдан кейін жұмыста отырамын деп айтсам, тәртіп бұзған болып шығамын. Шынымды айтайын, өз басым жұмыс істегенді жақсы көремін. Негізінен ең тиімді уақыт - кешкі алтыдан кейінгі уақыт. Ал оған дейін күндіз күні бойы қоңырауға жауап беріп, жиналыстан жиналыста жүреміз. Ал алтыдан кейін хаттардың бәрін де асықпай оқуға мүмкіншілік болады. Бір ойларың болса, әріптестермен бөлісіп отырған... Енді өнер немесе спорт саласы болсын, өте тиімді уақыт - емін-еркін отырған шақ. Әсіресе, сенбі күні түске дейін өте тиімді», - деді ол.
Арыстанбек Мұхамедиұлы кешкі сағат алтыдан кейін жұмыста отыратынын мойындады.
«Мына қызметкерлер (залда отырған Мәдениет және спорт министрлігінің қызмектерлеріне нұсқап) кешкі алты жарымнан кейін компьютерді өшіріп кетіп қалады. Ал мен отыра беремін. Негізінен айтар едім: егер жұмыс істеп жатқан азамат көңілі қалап тұрса, біз оны неге шектеуіміз керек. Мысалы, шыны керек, министрлікке жетекші маман болып келгем. Тәулік бойы жұмыс істейтінмін. Әрине, алға қарай жылжып, өзімді көрсеткім келді. Жаңадан бір идеяларды тапқым келді. Барлығын үйде атқару мүмкіншілігі жоқ қой. Мысалы, үйге барсаң, онша жұмыс істей алмайсың - қонақ келеді дегендей... Ал жұмыста емін-еркін жұмыс істейсің», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев елімізде қызметкерлері нормадан артық жұмыс істеген мемлекеттік органдардың басшылары жазаланатын мәлім еткен еді.