Мұхамедиұлы: Спортшыларымыздың жеңіске ұмтылысы жоғары нәтижелерге жеткізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы XXIII қысқы Олимпиада ойындарына қатысу үшін Корея Республикасына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Мұхамедиұлы: Спортшыларымыздың жеңіске ұмтылысы жоғары нәтижелерге жеткізеді

«Достарым, біз XXIII қысқы Олимпиада ойындарына қатысу үшін Корея Республикасына келіп жеттік. Қазақстан құрамасы спортшыларының дайындық деңгейі, оптимистік көңіл-күйі, жеңіске деген ұмтылыстары жоғары нәтижелерге жеткізеді деген сенімдемін. Спортшыларымыз 57 лицензия иеленіп, спорттың 9 түрінен бақ сынайды: биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғысы, шорт-трек, конькимен жүгіру, шана спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл (акробатика, могул). Құрамамыздың барлық мүшелері бірнеше рет допинг бақылауынан өтті», - деп жазды министр Фейсбуктегі парақшасында.

Оның дерегінше, осы Олимпиада ойындарына 90 елден 5000-нан аса спортшы мен ресми өкілдердің қатысуы жоспарланып отыр. Спорттың 15 түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

«Достарым, спортшыларымызға жолдары оң болсын дейік! Баршаңызға олардан сәлем!»,-  дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.