Мұхамедиұлы Универсиада жеңімпаздарының бапкерлерін марапаттады
Министр Қазақстан құрамасының тәуелсіз ел тарихында және отандық спортшылардың Универсиадаларға қатысу шежіресінде алғаш рет екінші орынға табан тірегенін атап өтті және Универсиада ойындары кезінде үздік нәтиже көрсеткен спортшылардың бас жаттықтырушыларын марапаттады. Атап айтқанда, шорт-тректен бас жаттықтырушы Мәдіғали Қарсыбеков, конькимен мәнерлеп сырғанау бойынша бас жаттықтырушы Құралай Узурова, шаңғы жарысынан бас жаттықтырушы Александр Батяйкин, фристайл-могулдан аға жаттықтырушы Елена Круглыхина, фристайл акробатикадан бас жаттықтырушы Мұрат Аблятифов, биатлоннан бас жаттықтырушы Михаил Дудченко және шайбалы хоккейден бас жаттықтырушы Сергей Старыгин ҚР Мәдениет министрінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
«Қысқы спорт түрлері ерекше ауа райы жағдайын талап ететіндіктен, Универсиада аяқталысымен түрлі лицензиялық жарыстарға кеткен сіздерді мазалауды жөн көрмедік. Енді міне, ҚР Отан қорғаушы күні және Екінші дүниежүзілік соғысындағы Жеңіс күні қарсаңында сіздермен емен-жарқын жүздесіп отырмыз. Қазақстанның жоғары жетістіктерге қол жеткізгені үшін және жоғары санатты спортшыларды даярлаудағы жемісті қызметтеріңізге алғыс білдіргім келеді», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы.
Министр әр спорт түрінің жетістіктеріне, марапат тұғырынан көрінген спортшыларға жеке-жеке тоқталды және 2018 жылы өтетін Олимпиада ойындарына сәт-сапар тіледі.
Еске сала кетсек, 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында Алматыда ХХVІІІ Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындары өтті. Қазақстан ұлттық құрамасы 36 жүлде жеңіп алды, оның ішінде 11 - алтын, 8 - күміс, 17 - қола медаль.