Мұхаммед Әлидің өлім аузында жатқаны туралы хабарды қызы жоққа шығарды
АСТАНА. 4 ақпан. ҚазАқпарат - Аты аңызға айналған бокс королі Мұхаммед Әлидің өлім аузында жатқандығы туралы хабарды оның қызы Мэй Мэй Әли жоққа шығарды.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін бірқатар ақпарат құралдары боксшының ағасы Рахман Алиге сілтеме жасап 71 жастағы чемпионның сөйлеуге әлі жоқ екенін және туған ағасын танудан қалғандығын жариялаған болатын. «Мұхаммед Али бірнеше айдан соң, мүмкін бірнеше күннен соң қайтыс болуы ықтимал», - деген әңгімені ағасы Рахман Әли айтты делінген еді.
Алайда атақты боксшының қызы мұны өсек-аяңға теліді. «Әкем өзін жақсы сезінеді. Ал бұндай қаңқу сөздер ылғи шығып тұрғанымен, шындыққа еш жанаспайды», - деді америкалық БАҚ-қа берген сұхбатында боксшының қызы.
Оның айтуынша, Мұхаммед Әли қазіргі күні Аризона штатындағы үйінде АҚШ Ұлттық футбол лигасының чемпионын анықтайтын матчтарды тамашалауда. «Ол Балтимор командасының жанкүйері»,- деп қосты Мэй Мэй Али.
Еске салсақ, М.Али 1942 жылы 17 қаңтарда Луисвиллде дүниеге келді. Орта ауыр салмақта Олимпиада чемпионы, кәсібилер арасында ауыр салмақта үш дүркін әлем чемпионы. Соңғы 27 жыл бойы боксшы Паркинсон сырқатымен ауырады.