Мұхаммед Мурси - Мысыр президенті
АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - Мысырдың жаңа сайланған президенті Мұхаммед Мурси, сайлауда жеңіске жеткен соң, теңдік шартын теңселтпеуге сөз берді.
Бұған дейін жасалған келісімдер де мүлтіксіз орындалатынына уәде етті ол.
Жексенбі күні Мысырдың орталық сайлау комиссиясы екінші кезеңде елдің экс-премьері Ахмед Шафиктен 4 пайыз артық дауыс жиған Мұхаммед Мурсидің жеңіске жеткенін хабарлады. "Мұсылман бауырлар" қозғалысы қолдаған кандидат Мохаммед Мурси 51,7 пайыз дауыс жинаған. Ал Мурсидің қарсыласы, Хосни Мүбәрәк үкіметі тұсындағы соңғы премьер-министр болған Ахмед Шафиқ 48,2 пайызға ие болды.
Тахрир алаңына «Мұсылман бауырлар» ұйымын қолдауға жиналған ондаған мың адам бұл жаңалықты қуана қарсы алды.