Мұхаммед пайғамбардың «Зұлпықары» және басқа да суық қару көрмеге қойылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда XV өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында суық қару көрмесі ашылды. Солтүстікқазақстандық шебер Виктор Жаворонков өзінің жеке коллекциясындағы 40-тан астам қару түрін көрермен назарына ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Темірден түйін түйген Виктор Жаворонков қару-жарақ жасаумен 20 жылдан бері айналысып келеді. Шам болатының құпиясын ашқан шебер бір қаруды жасауға 3 айға жуық уақытын жұмсайды. Алты мыңға жуық жұқа қабаттан тұратын болат қарулардан әлем халықтарының тарихын, мәдениетін көруге болады.
«Суық қарумен айналыса бастағанда Шам болатынан жасалған дүниелерге сұраныстың жоғары екенін байқадым. Технологияны меңгердім. Жалпы, қару-жарақ істегенде оның әдемілігіне ғана емес, сондай-ақ тарихына да аса мән беремін», -дейді Виктор Жаворонков.

Көрмеге қойылған жәдігерлердің ішіндегі ең көрнектісі - қазақ қарулары. Қазақтың семсер, селебесінен басқа, Мұхаммед пайғамбардың Зұлпықарын да көруге болады. Аңыз бойынша бұл қылыш исламды мойындағысы келмеген тайпалардан тартып алынған екен. Қару пайғамбардың қолында сиқырлы күшке ие болады. Кейін күйеу баласы Әли Зұлпықарды Эфрат өзеніне тастаған деседі.
«Мұндай көрмені тамашалау бір ғанибет. Әр қарудың өз тарихы бар. Қаншама мағлұмат алуға болады. Осыдан-ақ, автордың өнер туындысын жасамас бұрын әдебиетпен, көптеген құжаттармен жұмыс істегенін көреміз»,-дейді көрмеге келуші Сергей Чепурко.
Көрмеге қойылған суық қарудың барлығы аңыздардың желісі бойынша жасалған. Коллекцияда жапон, түрік, ресей қарулары, сондай-ақ, сақтардың «акинағы» да бар. Виктор Жаворонковтың өнері көпке танымал. Ол бұған дейін өз туындыларын Астана мен Мәскеуге көрмеге апарды. Енді солтүстікқазақстандықтар да суық қару көрмесін Петропавлдағы Абылайхан резиденциясында тамашалай алады.




Автор: Ақерке Қабыкеева