Мұхиттарды қорғау туралы тарихи келісім бекітілді

НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат – БҰҰ-ға мүше 100-ден астам елдің өкілдері мұхиттарды қорғау туралы тарихи келісім бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.

Мұхиттарды қорғау туралы тарихи келісім бекітілді

Заңды міндеттеме жүктейтін құжат жүзінде осы онжылдықтың аяғына дейін әлемдегі мұхиттардың 30%-ы қорғалатын аудандарға айналуы керектігі қарастырылады.

Экономикалық аймақтар аумағынан тыс ашық мұхит әлемдегі мұхиттардың үштен екі бөлігін алып жатыр. Ол балық аулауды қолдау, экожүйелерді қамтамасыз ету және климаттық дағдарыс салдарын жұмсартуда маңызды рөл атқарады. Бірақ, қазір бұл кеңістіктің тек 1%-дан сәл астамы ғана қорғалады.

Мұндай құжат бекіту идеясы 2002 жылы пайда болған. Келіссөздер ұзақ әрі күрделі жүргізілді.

Белсенді экологтер келісімнің жүзеге асырылуы климаттың өзгеруімен күресу және биоалуантүрлілікті сақтаудағы маңызды факторлардың бірі деп санайды.

Алайда, құжатты әлі БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің әрқайсысы ратификациялауы қажет.