«Мұхтар Әбіләзовтің бұлтарар шамасы қалмады» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 18 маусым. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 18 маусым, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Мұхтар Әбіләзовтің бұлтарар шамасы қалмады» - БАҚ-қа шолу

* * *

Қазақстандық қашқындардың елге қайтарылатыны сөзсіз. Солардың бірі - Мұхтар Әбіләзов. Өйткені, қазіргі күні байқап қарасаңыз, Әбіләзовтің халықаралық алаяқтық ісін тарқатуға ирландық билік те кірісіп кетті. Мәселен, Inforos.ru хабарлағандай, бұл елдің өкіметі өздерінің азаматы Филип Барвелл және Латвия азаматы Стэн Горинге, Эрик Ванагелсаға және Юрий Витманға қатысты істі тергеп жатқан көрінеді. Өйткені бұл адамдар БТА Банктің қаражаттарын шығарған оффшорлар жүйесін құрған адамдар сияқты. Оның үстіне бұлар тек Қазақстаннан ғана емес, сонымен қатар, Украина мен Латвиядан да жалған жолмен ақша шығарған екен. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Бұлтарар шамасы қалмады» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. «Әй бірақ, мұндайды түсінетін Әбіләзов секілділер ме? Олар еш уақытта ұсталмаймын деп ойлайды. Олар біреудің несібесі көз жасы боп сіңген ақшаны сыбайласа жеп үйіне жеткізген кезде, өз қолымен отбасына біртіндеп әсер етер қасіретті у әкелгенін қайдан түсінсін. Міне, Әбіләзовтің де жеткен жері осы болды. Ақыры өз отбасын отқа байлап берді. Енді оған не қалды? Қарақан басын күйттеп, тығылу ғана», - деп жазады басылым.

Осы басылымда Сенат депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметовтің «Өркениет құндылықтары» деген тақырыптағы мақаласы жария етілді. Жарияланымда Нью-Йорктегі Колумбия университетінің профессоры, белгілі экономист, Нобель сыйлығының лауреаты Джозеф Стиглицтің 1912 жылы ағылшын тілінде жарық көрген «Теңсіздіктің құны» (Joseph E.Stiglitz. The Price of Inequality) атты монографиясына талдау жасалған.

Әлемдік қаржы дағдарысының себеп-салдары арқау болған еңбекті егжей-тегжейлі талқылай келе Ә.Ахметов: «Автор, біріншіден, осы уақытқа дейін ешбір баламасы жоқ деп, кір жуытпай дәріптеліп келген нарықтық экономиканың сол үдеден шыға алмай қалғандығын және оның тұрақсыздығын ашып көрсетеді. Екіншіден, аталған экономиканың тізгінін ұстап отырған саяси жүйенің орын алған қателіктер мен олқылықтарды дер кезінде түзетуге шамасы келмей қалғандығын, үшіншіден, нарықтық экономика мен саяси жүйенің әділетсіз екеніне және бұл үш фактордың бір-бірімен өте тығыз байланысты екеніне көзді анық жеткізеді», - деп жазады.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, жақында ғаламтордың «Қазнет» бөлігінде мұсылмандар орталығы ашылмақ: «E-Islam» деп аталатын ағартушылық порталға осындай миссия жүктелгелі отыр. Бұл жайында «Үкімет сағаты» аясында Парламент алдында есеп берген еліміздің Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф мәлім еткен. Отырыс барысында депутат Шалатай Мырзахметов агенттік басшысынан «Электронды Ислам» ағартушылық порталы қандай сипаттағы ақпаратты қамтиды?» деген сауал қойған. Оған тұщымды жауап берген Қ.Лама Шариф: «Бұл Үкіметтік портал емес, үкіметтік емес ұйымдардың порталы! Бүгінде интернетте күн сайын туындап жатқан жүздеген сұрақтарға зайырлы мемлекеттік көзқарастағы өзіміздің дінтанушы ғалым-блоггерлердің, яғни тек діни адамдар ғана емес, белгілі дінтанушы, сарапшылардың жауап беруінің қажеттілігі бар. Сондықтан 7 блоггердің осы сауалдарға жауап беруі арқылы біз жастарымызды ғаламторда тәрбиелеуге, дұрыс бағыт беруге мүмкіндік аламыз», - дейді. Мақала «Ғаламторда мұсылмандар орталығы ашылады» деген тақырыппен берілген.

«Елімізде отбасын құрған жас жұптардың көбі бір жыл өтпей ажырасып жатыр. Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, 2010 жылы 41 мың, ал 2011 жылы 44 мың жұп ажырасса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 48 500-ден асқан», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөміріндегі «Ажырасу азаймай тұр» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның алға тартқан деректеріне қарағанда, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 46 972 жұп отбасын құрса, 16 647 отбасы сотқа арыз беріп, айырылысуды жөн көрген. Жалпы, биылғы қаңтар-наурыз айларында тіркелген әр 100 некенің 34-і қайта ажырасып кеткен!

«Бұл енді ғана отау тіккен жас үш отбасының біреуінің шаңырағы ортасына түсті деген сөз емес пе? Сұмдық қой! Бұл сандарға бей-жай қарауға болмайды. Ол - шаңырақ көтере сала арыз жазып, ажырасып кете беру тым оңай іске айналғанын көрсететін аса қорқынышты дерек. Егер отбасы - қоғамның негізі, кішкентай мемлекет десек, онда осындай тұрақсыз некелерден құралатын қоғамның, мемлекеттің келешегі қалай болмақ?!», - деп жазады басылым.


* * *

Павлодарлық полицейлер Ішкі істер министрлігінен кондитерлік көкнәрді саудалауға шектеу қоюды сұрап отыр. Бұл жайында «Экспресс-К» газетіндегі «Смак» без Урганта» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Басылымның атап өтуінше, құқық қорғаушылар қылмыскерлердің аталған тағам қоспасынан есірткінің ауыр түрін жасауды үйреніп алғанын анықтаған. Мәселен, Ақсу полицейлері көкнәр дәнінен есірткі жасайтын зертхананы өз пәтерінде жасап алған павлодарлықты қолға түсірген. Сондықтан да құқық қорғаушылар кондитерлік көкнәрді еркін саудалауды шектеуге қол жеткізуді мақсат етуде.