Мұхтар Әлиев елге оралу үшін көмек көрсету жөнінде Венадағы Қазақстан Елшілігіне өтініш жасады ? Сыртқы істер министрлігі
АСТАНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Мұхтар Әлиев елге оралу үшін көмек көрсету жөнінде Венадағы Қазақстан Елшілігіне өтініш жасады. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте аталған ведомствоның баспасөз хатшысы Ілияс Омаров мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мамырдың 4-і күні Австрия Республикасындағы ҚР Елшілігінің консулдық бөліміне Мұхтар Әлиев Венадағы ҚР Елшісі Ержан Қазыхановпен кездесуге жәрдемдесу жөнінде өтініш жасады. Елшімен әңгіме барысында М. Әлиев Австрияға жүрекке операция жасату үшін келгенін айтты. М. Әлиевтің өтінішіне қарағанда, оның ұлы Рахат Әлиев 2008 жылдың қазан айынан бастап әкесінің елге оралуына барынша бөгет жасап оның төлқұжатын, несиелік картасын, телефонын, ақшасын, жеке заттарын алып қойған», - деді І. Омаров.
М. Әлиев мамырдың 4-і күні жекежай күзетшілерінен жасырынып шығып, Елшілікке келгенін айтқан. Сонымен қатар ол елге оралу мәселесін бейбіт түрде шешуге бірнеше рет әрекет жасағанын, алайда бұның бәрі сәтсіз болғанын, сондықтан 7 мәрте аштық жариялауға мәжбүр болғанын жеткізген.
«М. Әлиевтің Елшілікке келген мерзімінде кешкі және түнгі уақыттарда тәулік бойы оны күзету үшін мекемедегі қызметкерлер, сондай-ақ Вена полициясының жылжымалы торуылы жұмылдырылған. Венадағы Қазақстанның дипломатиялық қызметкерлері М. Әлиевтің Қазақстанға оралу үшін қажетті шараларды қарастыруда», - деді І. Омаров.