Мұхтар Алтынбаев ұшу қауіпсіздігін қадағалайтын орган құруды ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметі жанынан ұшу қауіпсіздігін қадағалайтын дербес мемлекеттік орган құру керек.
Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына жолданған сенатор Мұхтар Алтынбаевтың депутаттық сауалында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің депутаттық сауал жолдауыма себеп болып отырған азаматтық және мемлекеттік авиацияның отандық саласындағы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімсіз жүйесі болып табылады. Егер статистикаға мән берсек, 2012-2016 жылдар аралығында Қазақстанда 30-дан астам әуе апаттары мен оқыс оқиғалары орын алып, 85-тен аса адамның өмірі қиылды, бұл сертификаттау мен қадағалау рәсімдері сапасының төмендігін көрсетеді», - деді Алтынбаев.
Сенатордың айтуынша, осыған байланысты біріншіден, азаматтық және мемлекеттік авиациядағы сертификаттау, қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік функцияларды әртүрлі мемлекеттік ведомстволарға қайта бөлу қажет. Екіншіден, Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан ұшудың қауіпсіздігін қадағалауды жүзеге асыратын және авиациялық оқыс оқиғаларға тергеп-тексеру жүргізетін дербес мемлекеттік орган құру керек. Бұл ретте бұл органның қызметі азаматтық авиация саласымен ғана шектелмеуі тиіс. Үшіншіден, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін бірнеше мемлекеттік құрылымның жұмысымен байланысты кешенді міндет ретінде қарау керек. Оны шешудің жолдары осы саладағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне, оларды қамтамасыз ету практикасына ендіруге де байланысты.
«Көрсетілген мәселелерді қарауыңызды және қарау нәтижесі бойынша заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймын»,- деді сенатор.