Мұхтар Алтынбаев: Жұмысшыларға әскери киімді киюге тыйым салу керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жұмысшыларға әскери киімді киюге тыйым салу керек. Бұл туралы бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында депутат Мұхтар Алтынбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұхтар Алтынбаев: Жұмысшыларға әскери киімді киюге тыйым салу керек

Сенатор өз сөзінде әскерилермен кездесу барысында айтылған кейбір мәселелерге тоқталды.

«Сарбаздардың киімдерін, яғни  камуфляж киімдерді әскери салада істемейтін адамдардың кигені дұрыс еместігі туралы мәселе көтерілді. Бұл тақырып бұрыннан бері талқыланып келеді. Алда ЭКСПО келе жатыр. Қала көшелерінде аула сыпырушылары, күзетшілер және басқа жұмысшылар ары қарай да әскерилер киімімен жүре берсе, онда шетелден келген меймандар әскер қатарындағы сарбаздар көше тазалап жүр деген ойға келуі мүмкін»,-деп тоқталды М. Алтынбаев.

Оның пікірінше, әскери киімді осы салада қызмет ететіндер ғана кигені дұрыс, ал қалғандарына тиісті шектеу болуы тиіс.

Өз кезегінде депутат Дариға Назарбаева әскери киімдер көбінесе ыңғайлы әрі жылы болғандықтан, адамдар оны сатып алатынын атап өтті. «Дәл осы матамен және сапамен өзге түс түрлерін іріктей отырып, әскери емес адамдарға арналған мұндай киімдерді тігудің басқа желісін құруды ойластыру керек шығар. Сондықтан далада көп жұмыс істейтін адамдар үшін арнайы жылы киімдерді тігуді қарастырған жөн болар»,-деді Д. Назарбаева.