Мұхтар Әуезовтің жеке заттары алғаш рет Семейде көрмеге қойылды

CЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында Мұхтар Әуезовтің жеке заттары алғаш рет көрмеге қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Abaynews.kz сайтына сілтеме жасап.

Мұхтар Әуезовтің жеке заттары алғаш рет Семейде көрмеге қойылды

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында «Абай – менің өмірлік тақырыбым...» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Бірегей жәдігерлер Алматыдағы «Әуезов үйінен» әкелінген.

«Көрмеде заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты материалдар мен мәліметтер ұсынылды. Оның ішінде «Абай жолы» роман-эпопеясы қолжазбасының көшірмелері, шет елдерден әкелінген кітаптар мен журналдар, шапан мен кәстөм, сондай-ақ «Абай» журналының түпнұсқасының аудармалары бар», - дейді музей қызметкерлері.

Мұхтар Әуезовтің жеке заттары Семейде алғаш рет көпшіліктің назарына ұсынылып отыр. Көрменің ашылу салтанатына қала тұрғындары мен қонақтары, ұстаздар, студенттер және мектеп оқушылары қатысты. Көрме 12 қыркүйекке дейін жалғасады.