Мұхтар Құл-Мұхамед: Елбасы жаңа әлемде жаңа Қазақстанды құрды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ХХІ ғасырда Қазақстандай әлемнің бірде-бір елінде ғажайып өсіп-өркендеу болған емес. Бұл туралы Астанада «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамед мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Қазақстанның әлем мойындаған бірегей жетістіктері Елбасының стратегиясының, баға жетпес халықаралық абыройы мен саясатының заңды нәтижесі екенін атап өтті.

«Сіздің мегаиндустриализация бойынша атқарған жұмысыңыздың арқасында біздің мемлекетіміз модернизациялық және инновациялық алаңға айналды. Сіз жаңа әлемде жаңа Қазақстанды құрдыңыз. Сіздің көшбасшылығыңызбен біз алдымызда жоғары мақсат қоюмен бірге осы межелерді бағындыруды да үйрендік. «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінің өткізілуі Қазақстан мен Мемлекет басшысының мүмкіндіктерін тағы бір мәрте әлемге паш ете түсті», - дейді Мұхтар Құл-Мұхамед.

Оның айтуынша, бәсекеге қабілеттілік бойынша жаһандық индексінде, инвесторлардың құқығын қорғау рейтингінде Қазақстан биылғы жылы үшінші орынды иеленген.

«Сіз өз сөзіңізде елдегі барлық реформалар қазақстандықтардың өмірін жақсартуға бағытталатынын айтып келесіз. БҰҰ-ның адам капиталының дамуы көрсеткіші бойынша біздің елдің рейтингі соңғы екі жылда ғана 14 позицияға жақсара түсті. Сіз құрған, Сіздің көшбасшылығыңыздың арқасында ірі, саяси, кадрлық әрі шығармашылық әлеуетке ие болған «Нұр Отан» партиясы алдағы уақытта биік асуларды бағындыруда, мемлекеттің модернизациялануы жұмысына белсене атсалысатын болады», - дейді ол.

Мұхтар Құл-Мұхамед сонымен бірге, Қазақстан ұдайы өсу-өркендеу үстіндегі ел екенін тілге тиек етті.

«Мемлекет бюджетінің 17 жылдың ішінде ғана 591 млрд теңгеден 12,5 триллионға, нақтылап айтқанда 21 есеге дейін артуы қазақстандықтардың әл-ауқатының еселеп өсуінің айқын дәлелі. ХХІ ғасырда әлемнің бірде-бір елінде дәл осындай ғажайып өсіп-өркендеу болған емес. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан деген осы деп білем. Қазіргі таңда бүкіл әлем, дамыған мемлекеттердің өзі саяси-экономикалық жағынан жаңару үдерісін бастан өткеруде. Сондықтан, Қазақстанмен бірге партиямыз да өзінің жаңғыру кезеңіне аяқ басты. Сіз белгілеген биік мақсаттарға жету жолында Өзіңіз төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясы қолдан келгеннің бәрін жасайтын болады», - дейді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Еске сала кетсек, Астанада бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Отырыстың күн тәртібінде партияның 2017 жылдың 10 айында еліміздің саяси, экономикалық және рухани жаңғыруы аясында атқарған жұмысы, сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі бюросының құрамына өзгертулер енгізу мәселесі қаралуда.

Фото BNews.kz

Соңғы жаңалықтар
telegram