Мұхтар Құл-Мұхаммед жастарға шешендік өнер бойынша бірнеше кеңес берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед басқарушылардың жаңа буынына шешендік өнер бойынша кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көркем Телеком» ЖШС Консорциумының басшысы Қайрат Ахметовтың «Астана - даму мен инновацияның 20 жылы» форумындағы баяндамасынан кейін, Мұхтар Құл-Мұхаммед оған үлкен аудитория алдында қалай сөйлеу керектігін үйретті.
Айта кетейік, Қайрат Ахметов Астанадағы «Сергек» жобасының авторы ретінде танымал.
«Сен шынымен де бұл жүйе арқылы қала тұрғындарының сергектігін күшейттің. Алайда саған айтар бір ақыл-кеңесім бар. Мен үлкен аудитория алдында жиі сөз сөйлеймін, осы орайда саған өзімнің кеңесімді бергім келеді. Сенің аты-жөніңді жариялағаннан кейін, мінберге шыға бергеніңде, залда отырғандар алғашқы бес секундта адамның сыртқы келбетін бағалап, көзбен шолып шығады. Бұл ретте негізінен нәзік жандылар осындай бағалауды жүргізеді. Мінберге көтерілген соң, олар сенің киіміңе қарайды. Ал сөз бастаған кезде, жиылған жұрт сенің дауысыңды сканерлеп, дауыс ырғағын бағалайды. 20 секундтан кейін олардың назары басқа объектіге ауады», - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары спикерге өзінің баяндамасында инфографиканы пайдалануға кеңес берді.
«Егер де инновациялар жайында баяндама жасау кезінде жақсы дайындалған инфграфиканы ұсынсаң, онда берген ақпаратың көпшілік тарапынан мүлдем басқаша қабылданады», - деп атап өтті М. Құл-Мұхаммед.
Сөз соңында ол әрбір 20 секунд сайын слайдтарды жаңартып тұрып, баяндама жасаған Астана әкімі Әсет Исекешевтен үлгі алу керектігін атап өтті.