Мұхтар Манкеев: Жолдаудың стратегиялық жоспары - мақсатқа қалай жету керектігін айқындап берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының Қазақстан халқына саны жағынан 23-ші Жолдауы - алдағы мақсаттарға қалай жету керектігін айқындап берді. «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев Елбасының Жолдауына қатысты осындай деп пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Президент Жолдауын бәріміз естідік. Өздеріңіз көріп отырғандай, мемлекеттік үлкен саясаттың жаңа бағыты - әлеуметтік қоғамды дамыту, адамдардың өмір сапасын көтеру болып келе жатыр. Бұдан бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы санамызды жаңғыртуды мақсат тұтса, «Бес әлеуметтік бастама» аясындағы «7-20-25» бағдарламасы жаңадан отау тігіп жатқан жастарға үлкен қолдау болып отыр. Ал кешегі Жолдауда айтылған нақты стратегиялық жоспар - алдымызға қойған мақсаттарға қалай қол жеткізетінімізді айқындап берді», - деді Мұхтар Манкеев.
Оның айтуынша, бұрынғы бастамаларда жоспар болғанымен, ол бағыттар бойынша бюджеттен қанша қаражат шыққалы отырғаны атала бермейтін.
«Ал кешегі Жолдауда Елбасының өзі 1 триллион теңгеден астам қаражат қарастырылғанын айтты. Яғни, нақты әр салаға қанша қаражаттан бөлінетінін Мемлекет басшысының өзі қадап атап өтті», - дейді кеңес төрағасы.
Мұхтар Манкеев сонымен қатар, осы жолғы Жолдауды нақты жастарға арналған Жолдау ретінде қабылдағанын айтады.
«Себебі, өздеріңіз білетіндей 2005 жылдың ақпан айындағы Жолдауында Президент жастарға арналған үлкен бағдарламаларды бастап берген болатын. Ол кезде «Жасыл ел» бағдарламасы қолға алынып, студенттік отрядтар жұмысын бастаған. Сол секілді жастарға нақты бағыттар осы Жолдауда да қарастырылып отыр. 2019 жылы «Жастар жылы» деп жарияланады. Алдымызда үлкен өзгерістер келе жатыр. Ол өзгерістерді жастармен бірге жүзеге асырмасақ, оларға тек жоғарыдан отырып, бақылағымыз келсе - жоспарлы жұмыс еш нәтиже бермейтінін бәріміз білеміз», - дейді Мұхтар Манкеев.
«Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы өз сөзінде биылдан бастап қойылған мақсаттарға қалай жету керектігін жастармен талқылай отырып, жету керектігін тілге тиек етті.
«Жастар саясаты - кішігірім семинар, форум немесе жиын өткізу емес, жастардың жүйелі мәселелерінің бірлесе шешімін табу. Сондықтан, бұл Президенттің 23-ші Жолдауы - нақты, технократты, жоспары мен бюджеті бар Жолдау болды. Бұл жерде көп ойланар ештеңе жоқ. Бәріміз бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз», - деп түйді Мұхтар Манкеев.