Мұхтар Тілеуберді Германия Сыртқы істер министрімен кездесті
АСТАНА. ҚазАқпарат – Германия делегациясының Қазақстанға сапары экономикалық ынтымақтастық пен саяси диалогқа қосымша серпін береді. Бұл туралы бүгін елордада Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін біз Германияның Федералдық Сыртқы істер министрі Анналена Бербок екеуміз нәтижелі әрі сенімді келіссөздер өткіздік. Біз екіжақты саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың қазіргі жай-күйі мен оларды тереңдету мүмкіндіктерін талқыладық, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар мәселе бойынша пікір алмастық. Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30-жылдығы аясында біз сенімді саяси диалог пен сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы тұрақты әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өттік», - деді М. Тілеуберді Германияның Федералдық Сыртқы істер министрімен кездесуден кейін.
Осы орайда министр көпвекторлы сыртқы саяси бағытымыздың сабақтастығы аясында Германиямен және жалпы Еуропа Одағымен өзара іс-қимыл қадамдарын дамытуға екпін қойылып отырғанын аайтты.
«Бербок ханым, Сіздің сапарыңыз елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен саяси диалогқа, сондай-ақ халықаралық байланыстарды жандандыруға қосымша серпін беретініне сенімдімін.
Біз Германия Бундестаг депутаттарының келгеніне және олардың Қазақстан Парламенті өкілдерімен кездесуіне қуаныштымыз. Парламентаризмді дамыту мәселелері бойынша, әсіресе, елде әділетті Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік реформалар аясында белсенді пікір және тәжірибе алмасылатынына сенімдімін. Сонымен қатар, біз Германия экономикасының жетекші секторларының өкілдері кіретін ірі бизнес делегацияның келгеніне ризашылығымызды білдіреміз», - деді Мұхтар Тілеуберді.