Мұхтар Тілеуберді: Мажарстан – еліміздің жақын одақтасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мажарстан тарапымен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің аясындағы іс-әрекетті одан әрі кеңейту жөніндегі қадамдар талқыланды. Бұл туралы Мажарстан Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийартомен келіссөздерден кейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийарто мырза ресми сапармен Қазақстанға келді. Мажарстан – еліміздің жақын одақтасы, Орталық және Шығыс Еуропа аймағындағы елдер ішінде бізбен стратегиялық серіктестік орнатқан бірден-бір мемлекет. Мажар халқының бізбен бауырлас екені, қыпшақтарға құт мекен болғаны барлықтарыңызға белгілі. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Мажарстан арасында саяси немесе өзге сипаттағы қандай да бір келіспеушіліктер жоқ. Халықаралық маңызды мәселелер бойынша ұстанымдарымыз сәйкес келеді, елдеріміз арасындағы саяси диалог жоғары деңгейде. Мажарстан Қазақстанның халықаралық аренадағы барлық бастамалары мен күш-жігерін қолдайды, бұл екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдай жасайды», - деді М. Тілеуберді.

Оның айтуынша, Мажарстан министрі Петер Сийарто мырзамен ашықтық пен өзара түсіністік рухында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Мажарстан байланыстарын, сондай-ақ Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің (ТМЫК) аясындағы іс-әрекетті пандемия жағдайында одан әрі кеңейту жөніндегі қадамдар талқыланды.

«Қазақстан мен Мажарстан іс-қимыл жасап, күш-жігерін жұмылдыратын өзара мүдделі халықаралық сипаттағы бірқатар мәселелер, оның ішінде Қазақстан азаматтары үшін Еуропалық Одақтың визалық режимін жеңілдетуге қатысты мәселелер қаралды», - деді Мұхтар Тілеуберді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінгі келессіөздерден кейін тараптар екі ел арасындағы бірнеше құжатқа қол қойды.

Олардың арасында:

1. Дамуға ресми көмек саласындағы ынтымақтастық бойынша екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандум;

2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты мен Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер институты арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандум;

3. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Мажарстанның Адами ресурстар министрлігі арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған мәдениет саласындағы өзара ынтымақтастық бағдарламасы бар.


Соңғы жаңалықтар