Мұхтар Тілеуберді Швейцария Федералдық Жиналысы Ұлттық Кеңесінің Төрағасымен кездесті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанға ресми сапарымен келген Швейцария Конфедерациясы Федералдық Жиналысы Ұлттық Кеңесінің Төрағасы Андреас Эбимен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ ресми сайтына сілтеме жасап.

Мұхтар Тілеуберді Швейцария Федералдық Жиналысы Ұлттық Кеңесінің Төрағасымен кездесті

Тараптар COVID-19 пандемиясына қарамастан, Қазақстан мен Швейцария екіжақты күн тәртібінің барлық спектрі бойынша белсенді өзара іс-қимылды жалғастырып жатқанын қанағаттанушылықпен атап өтті. Жоғары деңгейдегі саяси диалог орнатылған: мемлекет басшыларының мамыр айының соңында бейнеконференция форматындағы келіссөздері, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Швейцарияға ресми сапары жоспарлануда.

Швейцария өкілетті бизнес-делегациясының 2021 жылғы мамырдағы Қазақстанға сапарының қорытындылары және Іскерлік Кеңестің қызметі талқыланды.

Екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы парламенттік дипломатияның маңыздылығы атап өтілді. Тараптар «Қазақстан – Швейцария» парламентаралық ынтымақтастық тобы аясында екі ел парламентшілерінің белсенді өзара іс-қимылын құптады.

Швейцария қазіргі уақытта Қазақстан экономикасының көлемі бойынша үшінші инвестор, онда бүгінде швейцариялық капиталдың қатысуымен 400-ден астам компания жұмыс істейді.