«Мұқағали ғасырлармен бірге жаңарып, келер ұрпақпен бірге жасай береді» -республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 29 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 29 шілде, жұма күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Кеше Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Норвегия Корольдігінің елшісі Даг Малмер Халворсенді қабылдады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, кездесу барысында Е.Қазыханов Қазақстан экстремизм мен лаңкестіктің кез келген түрін қатты сынға алатынын атай отырып, осы күндері Қазақстан халқы Норвегия халқының қасында және Қазақстан осы жылдардың барлығында экстремизм мен лаңкестікпен күрес жөніндегі халықаралық шаралардың белсенді және маңызды қатысушысы болып келгенін баса айтқан.
Еліміздегі күн санап көбейіп отырған жұмыссыз адамдардың саны азаятын күн де алыс емес. Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстан халқының өмір сүру сапасын арттыру жөнінде Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар бере келе, халықты жұмыспен қамтудың түбегейлі жаңа стратегиясын әзірлеу міндетін жүктеген болатын. Кемел келешектің кілтіне айналар «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша елімізде 1,5 млн. қазақстандық жұмыспен қамтылып, кедейлік көрсеткіші 6 пайызға дейін азайтылады. Бағдарлама жайында егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Жұмыспен қамту бағдарламасы - келешек кілті» деген мақалаға көз жүгіртіңіз.
***
«Еліміздегі судьяларға қойылатын талап қатая түсті. Сол талапқа жауап бере алмаған 36 судья осы жылы Елбасы Жарлығымен жұмысынан босатылған болатын. Ал алдағы он күнде олардың қатарына 52 судья қосылуы мүмкін. Бұл туралы кеше қызметіне кіріскеніне 100 күн толғанда, БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз-мәслихатын өткізген Жоғарғы Соттың төрағасы Бектас Бекназаров хабарлады», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөміріндегі «52 судья қызметінен босауы мүмкін» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, бұдан бөлек, 2010 жылдың 1 қарашадағы Елбасы жарлығына сай, 71 судья қызметінен кетіп, 114 судья отставкаға шыққан.
Жаһандық дағдарыс жайлағанда, қазақтың ауыл шаруашылығы еңсесінен жел соқса да теңселмес қара нардай ілгері жылжып, жоғары даму нәтижелерін көрсетіп, елді таңғалдырғаны бар. Әйтсе де, оның өсу қарқыны ел басшылығының көңілінен шықпай отыр. Сондықтан ауыл, соның ішінде, әсіресе, мал шаруашылығының алдына Елбасы Н.Назарбаев бұдан да зор міндет қоюда. Жалпы, саланың қазіргі жағдайы нешік? Жетістіктері қандай? Бұл сауалдарға Үкімет бүгін Астанада өтетін ІІ Халықаралық «Kaz Meat & Mіlk-2011» атты форумда жауап іздеп көрмек. Ал «Айқын» газетінің оқырманы бүгінгі нөмірдегі «Қараөткелдің» қадірін біле бастадық» деген мақаладан жәрмеңке және еліміздің мал шаруашылығы жайында кең мағлұмат ала алады.
***
Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойына орай шығарылған «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санынан ақын өміріне қатысты мақалалар топтамасын оқуға болады. Мәселен, басылымның тұрақты «Дат!» айдарында ақын, филология ғылымының докторы, профессор Сәрсенбі Дәуітовпен арадағы сұхбат «Мұқағали ғасырлармен бірге жаңарып, келер ұрпақпен бірге жасай береді» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің Мұқағали өміріне қатысты барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Ол адалдық пен әділдікті, бірлікті жырлады. Адамзат баласы бір-біріне жамандық жасамаса екен деді. Отанды, махабатты дәріптеді. Өмірдің жасапаздығын, мемлекеттікті, кісілік пен кішілікті ту етті», - дейді.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов облыс әкімдері мен ұлттық компаниялар басшыларының қатысуымен өсімдік шаруашылығы саласына мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері жөнінде селекторлық кеңес өткізді. Кеңес барысында, басымдыққа ие ауылшаруашылық дақылдары өндірісін субсидиялау мәселесі талқыланып, сол сияқты өсімдік шаруашылығы саласына мемлекеттік қолдау көрсетудің жаңа формалары қаралды. Сонымен қатар Премьер-Министр Мичурин кентіндегі спортшылар мен теміржолшыларға арналған реабилитациялық орталықта болды.