17:28, 27 Қыркүйек 2011 | GMT +5
Мұқағали Мақатаевтың шығармалары қытай тілінде 1 миллион данамен басылып шықты
АЛМАТЫ. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Мұқағали Мақатаевтың шығармалары Қайша Тәбіріктің аудармасымен қытай тілінде жеке кітап болып жарық көрді. Бұл жайында ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында ақынның ұлы - Жұлдыз Мақатаев айтты.

"Биыл 29-30 шілде күндері Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойы өткен болатын. Онда «Жаһандану және Мақатаев әлемі» деп аталатын ғылыми-тәжірибелік конференция кезінде сүйінішті хабармен қуантқан еді. Енді қытай тіліндегі бұл кітаптың 1 миллион данамен шыққаны белгілі болып отыр", - дейді Жұлдыз Мақатаев.
Оның айтуынша, мерейтой кезінде Мұқағали шығармаларына арналған он шақты жаңа кітап жарық көрді. Олардың арасында шығармалар жинақтары мен естеліктер де бар. Сондай-ақ жақында бүкіл шығармаларының 100 баспа табақ болатын толық жинағы жарық көрді. Сондай-ақ көрші Қытайда әдеби-поэтикалық кеш өтті. Енді мұндай шараны ҚР Мәдениет министрлігі Астана қаласында да ұйымдастырғалы отыр.