Мұқағали өлеңдері қазақтың дәл өзіндей қарапайым, құйылып түсе салған...

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, ақиқық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толып отыр. Туған халқының жүрегінен терең орын алған ақынның мерейтойы қазақ әдебиеті мен өнері үшін ғана емес, тәуелсіз мемлекетіміздің рухани әлемі үшін маңызды болуы тиіс, деп жазады adebiportal.kz.

Мұқағали өлеңдері қазақтың дәл өзіндей қарапайым, құйылып түсе салған...

Мұқағалидың өмірі мен шығармашылығы туралы айтып, тәптіштеп түсіндіріп жатудың өзі артық. Себебі, Мұқағали Мақатаев – кешелі-бүгінгі қазақ ақындары арасындағы ең оқылымды шығармашылық иесі. Бұған ақпараттық дәуірдің статистикасы-ақ куә бола алады. Оның себебі неде? Оның себебі: бүгінгі тілмен айтқанда Мұқағали өлеңдері – барлық жастағы оқырманға шынайы қолжетімділігінде. «Қолжетімділік» дегенде, «Мұқағали туындылары күрделі ой, көркем кестеден ада, қарапайым, қарабайыр өлеңдер» деген ой әсте тумауға тиіс. Мұқағали туындылары – айрықша тың мазмұн мен өзгеше форма іздеп шығанға шықпай-ақ, қазақтың таным-түсінігіне дәлме-дәл үйлескен, шынайы құйылып түскен өлеңдер. Осы тұрғыдан алғанда Мұқағали – шығармашылық ғұмыры тұрғысында ең бақытты ақындардың қатарында. Мұқағалидың жеке өмірімен астасқан шығармашылық ғұмыры туралы көп айтылып та, жазылып та жатады. Ақын ақиқат – Мұқағалидың көзі тірісінде-ақ таланты жалпы жұртшылыққа танылып, әдеби ортада мойындалған ақын. Ақынның өмір соқпағы туралы кейде жалған-арсы аралас астым-үстім айтылып жататыны болса, мұны әр кез шынайы шындық деп қабылдай бермеуіміз де керек шығар. Иә, ақын жаны нәзік. Ол айналасында болып жатқан келеңсіздіктерге, әділетсіздік пен қиянатқа бей-жай қарамайды. Сондықтан да әсершіл ақын жанының шамырқанып-буырқануы түсінікті жағдай ғой. Мұқағали туралы естеліктерге көз жүгіртіп бағамдағанда, ғаламат ақындық дарынына қоса, көп оқитын үлкен интеллект иесі, талантты көркемсөз оқушы, аудармашы екендігін танимыз.

Ақынның көзін көріп

Бәріміздің бабамыз сөзден өлген,

Әнердің кереметін сөзбен өрген.

Мен тынбаймын солардың кегін алмай,

Сен мені салыстырма өзгелермен! –

деп өзі айтқанындай, қазақ сөзінің құдіретіне жетіп, өлмес туындылар жазып кеткен ақынның, шығармашыл жанның Жаратқаннан өзіне берілген ғұмырды қалай сүргендігі емес, халқына не берді деген маңызды емес пе? Себебі, шығармашылық шабытқа ие кез келген өнер иесінің өмірлік мақсұты – қала берді туған еліне асса әлем халқына танылып, мәңгілік көз сүйсінер, көңіл көркейтер өлмес туындылар жасап, адамзат тарихында қалу ғой. Бұл тұрғыдан алғанда Мұқағали Мақатаев – қазақ руханиятындағы аса танымал шығармашыл тұлғалардың бірі ретінде туған халқымен бірге жасап келе жатыр.

Әлемдік деңгейге ақын шығармашылығы лайық па, алыс-жуық елдерге Мұқағали қаншалықты танымал дегенге келетін болсақ, бұл – негізі Мұқағалиға емес, бізге, қазақ халқына қатысты сұрақ болса керек. Иә, Мұқағали – сөз жоқ ерекше талантты ақын. Мұқағали шығармашылығы – қосымша түсінікті де, артық мақтауды да қажет етпейді. Қолға алыңыз да, кез келген өлеңін оқи беріңіз. Сықиып қатқан мораль, әлдебір жұмбақшылаған ұңғыл-шұңғыл иіріміді тармақтар мен шумақтар, шолт етер қысқа немесе өкпе өштіре шұбатылған формалар жоққа тән. Мұқағали өлеңдері «қазақтың дәл өзіндей қарапайым», құйылып түсе салған көзге таныс, көңілге шуақты, мазмұны қонымды, идеясы айқын, кез келген жастағы оқырманның жүрек қылын дөп тербеп, сезім пернесін тап басатын сыршыл туындылар. Бірақ бұл пікірге қарап, Мұқағали мұралары – қарапайым ғана қара өлең үлгісімен жазылған жайдақ өлеңдер деген ойға тірелуге тағы да болмайды.

Іздемпаздық менің де бар өнерім.

Будан жасап бидай мен тары егемін.

Қазан-миым бәрін де қайнатады.

Дара қойып қазақтың қара өлеңін, -

деп ақынның өзі айтқанындай, қарапайым қара өлең ұйқасымен-ақ айтарын айтудай-ақ айтып, жазарын жеріне жеткізе, мөлдірете жазып кетудің үлгісі. Осы тұрғыдан алғанда, кез келген шығармашылық иесі, әсіресе, өз ұлтының бар болмысымен қапысыз біте қайнасып тұтаса отырып ұлтының жан дүниесін, мұң-зарын, қуаныш-шаттығын, арман-аңсарын еш боямасыз туынды тілінде сөйлете алған ақындар мен жазушылар халық жүрегінен мәңгілік орын алатыны анық. Бұған Мұқағалидың шығармашылық ғұмыры анық мысал бола алады. Өз ұлтына әбден мойындалған, етене болған шығармашыл тұлғаның өзге жұртқа танылуы да соншалықты бір маңызды емес те шығар, мүмкін. Қоғамның ілгерілеп дамуы – жаңа талғам мен түсініктерге жетелеп отырады. Бұл – шығармашылыққа да қатысты, әрине. Жеке ұлттық әдеби таным мен талғам жалпы әлемдік тенденциямен тікелей байланыста. Оқырманның сұраныс, талабы да әр дәуірдің өзіне сай өріліп шығып отыратыны – өмірдің ақиқаты.

Қазіргі қазақ әдебиеті, оның ішіндегі әрдайым авангард қазақ поэзиясының қазіргі аяқ алысы жаман емес десек болар. Арғысын айтпағанда, Абайдан бергі Мағжан, Қасым, Жұмекен, Мұқағалилардан бері қарай бұйда созған қазақ поэзиясы көшінің бүгінгі ноқта ағалары Есенғали, Тыныштықбек ағалардан кейін де қаншама талантты ақындар туып шықты. Қазіргі күні тыңнан жол салмаққа ұмтылып, ізденіс жасап, әзілмен айтқанда «басын тауға да тасқа да ұрып», «қайдан шықсаң онан шық» эксперименттерге де барып жүрген батыл жастар қаншама? Ізденіс барда – ілгерілеушілік бар, жетістік бар. Бірақ, кез келген ұлттың ұлт болып қалуы үшін, оның жан дүниесі, ішкі рухани коды, шыңырау түпкі тұнығы лайланбауы керектігін, әгәрәки лайланса, ұлттың ұлт болуына үлкен қатер төнетіндігін мынау ақпараттық жаһандық дәуір анық ұқтырды. Өзіне ғана тән, әрі тек өзіне ғана қажет дара руханиятының өшпес-өлместігі жолында қалғымай қорғаныс жасап, тынымсыз күрес жасамаған ұлттың жаһандық мультимәдениетке жұтылып жоғалу қаупі – бүгінгі күннің бетпе-бет шындығы. Ендеше, күреседі екенбіз, қарсыласар қалқан-қаруымыз қаруымыз не болмақ? Жауабы да айқын: шынайы ұлттық құндылыққа меймілдеген рухани арсеналды алға шығару, бүгінгі буынның, әсіресе, жас ұрпақтың жады кеңістігін лайықты ұлттық ақпараттармен үздіксіз толықтыру.

Дәуірден дәуірге ілесіп, ұлт жадында лайықты ақпарат ретінде жасай беретін туындылардың қатарында әрдайым Мұқағали Мақатаевтың ойға қонымды, жүрекке жылы жырлары бар. «Ақшыл мұң, көкшіл сағыныштың күлгін дәмін алты қабат аспанның ар жағынан қаз қанатына іліп әкеліп ұсынатын» қазіргі қайсыбір заманауи жаңашыл ақындардың жоғарыда айтқанымыздай тарих көшіне мәңгі ілесіп, қазақ халқының жүрегіне біржолата орнығарын болашақ көрсетер. Ал, ұлт ақыны Мұқағалидың мәңгілік ғұмыры кешеден бүгінге жалғасып отыр. Халық таңдауы, замана сұрыптауы – қашан да қапысыз. Өзінің алымы мен қарымының көптеген қатарластарынан анағұрлым зор екендігін анық болса да, өзгелерге, соның ішінде «қойға мінер қойторылар шаппай бәйге алып», таланттының тасада қалғанына ақын жаны күйінгені анық қой:

...Тойланбаса тойланбасын,

He етейін.

Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.

Қаламымды берші маған, бәйбіше,

Болашаққа арыз жазып кетейін..., -

деген сарындағы өлеңдер осындай көңіл-күй мезетінде жазылған болар, сірә. Иә, шын таланттардың алдын орап, бәйгенің алдын бермеген, өз заманның сүйкімді, сүйікті жүйріктері сол қойторылардың шығармаларын бүгінгі ұрпақ оқымақ түгілі, олардың көбі ұмытылып, тарихтың шаңына көміліп үлгерген жоқ па? «Болашаққа арыз жазып кеткен» ақынның тілегі қабыл болған сияқты.

Асылбек БАЙТАНҰЛЫ