Мұқият Жармұқаметұлы ШҰАА Халық үкіметі төрағасының орынбасары болып тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM – Қандасымыз Мұқият Жармұқаметұлы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметінің төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Тянь-Шань порталының хабарлауынша, 8 мамыр күні Үрімжіде Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының XIV Халық өкілдері жиналысы тұрақты комитетінің X мәжілісі өткен. Дауыс беруден кейін Мұқият Жармұқаметұлын Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметінің төрағасының орынбасары лауазымына тағайындау туралы шешім қабылданды. Артынша конституциялық ант қабылдау рәсімі өтті.
Айта кетейік, Мұқият Жармұқаметұлы 1967 жылы ҚХР Алтай аймағының Жеменей ауданында туған. Орталық партия мектебінде оқыған. Осыған дейін ШҰАА Халық өкілдері жиналысы тұрақты комитет басшысының орынбасары және ШҰАА кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Бүкілқытайлық кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.