Мультфиль кейіпкерлері науқас балалардың оңалуына көмектескен
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мультфильм кейіпкерлері сөйлеу мүмкіндігі шектеулі балалардың сауығуына септігін тигізген. Бұл туралы Астанада өткен «BI-Жулдызай» фестивалінің барысында балалады сауықтыру орталықтарынан келген мамандар айтты.
11 жастағы Нұрбақыттың осы күнге дейін тілі шықпаған, яғни сөйлейалмайды. Дәрігерлер оның кейбір мүшелерінің дамымай қалғанын, соның ішінде сөйлеу мүмкіндігінің мүлдем дамымағанын айтыпты.
«Ол үнемі өздігімен жалғыз жүреді, ешкіммен сөйлеспейді, ойнамайды, өзінің бөлек әлемі бар. Тек түсініксіз дыбыстар шығарады. Мұнда «Балдәурендегі» фестивальге келгенімізде Нұрбақыт күрт өзгерді. Бұл бір құдайдың құдіреті болар. Мұнда өзге балалармен болған тығыз байланыс, жайлы атмосфера оған оң әсерін тигізіп отыр. Тұйық баламыз сөйлесе бастады, мультфильм кейіпкері миньонды өз көзімен көрген кезде қуаныштан көзі жана түсті, сезімдерімен бөлісе бастады. Бұрын-соңды мұндай мүлдем болмаған еді, ол адам баласымен сөйлеспейтін. Айтып жатқанымызды түсініп отырғанын білмей қиналатынбыз. Болған жайтты ата-анасына айтқанымызда олар сенген жоқ», - дейді Қызылорда облыстық балаларды сауықтыру орталығының ұйымдастырушы-педагогы Сара Жәнібекова.
Денсаулығындағы оң өзгерістер тек Нұрбақытта ғана байқалған жоқ. Сара Жәнібековамен Астанаға еріп келген 10 жасар Банудың да дамуында тежеу бар. Ол Даун синдромына шалдыққан. «Балдәуренде» болған он күн ішінде Банудың денсаулығында айтарлықтай өзгерістер орын алыпты.
«Банумен тәжірибелі дефектолог-мамандар жеке айналысты. Ол өзінің сезімдерін мүлдем сыртқа шығармайтын. Өте тұйық, үнсіз еді. Ал, лагерьде жүрген кезде көз алдымызда өзгеріп шыға келді. Мен мұны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мультфильм кейіпкерлерін көрген кезде ол да сөйлеп кетті. Біз енді бұл балаларды дамыту үшін не істеу керек екенін білеміз, сол бағытта жұмыс істейтін боламыз», - дейді қызылордалық педагог.
Ал, 14 жастағы Майраны фестивальге қатыстыру үшін Ақтаудан өзінің әжесі Зияш Сейітқалиева алып келіпті. Жеткіншек сал ауруына шалдыққан, өздігімен жүре алмайды, қоларбаға таңылған. Астанаға келгенге дейін ол да өте тұйық болатын дейді әжесі. Тек ән айтуды жақсы көріпті. Осы талантының арқасында Астанадағы фестивальге жолдама алған екен. Енді бұл фестиваль Майраның өмірін күрт өзгертіп, үлкен қуанышқа бөледі. Бұрын адамның көзіне тіке қарамайтын қыз журналистерге сұхбат беріп, тіпті, камера алдында ән шырқап берді. Мұндай өзгерісті әжесі де күтпепті.
Айта кетейік, дәстүрге айналған «BI-Жулдызай» фестивалі жыл сайын Астанада жүзден астам денсаулығында ақауы бар дарынды балалардың басын қосады. Қатысушылар еліміздің 16 қаласынан іріктеліп, Бурабайдағы «Балдәурен» лагерінде өзара сайысқа түседі. Ал, фестивальдің гала-концерті Астанада өтеді.