Мүлік иелері бірлестігі мамандарын даярлауға мүмкіндік бар ма

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада мүлік иелері бірлестігі және тұрғын үй иелері кооперативі басшыларын маман ретінде даярлау туралы ұсыныс жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мүлік иелері бірлестігі мамандарын даярлауға мүмкіндік бар ма

Астана қалалық мәслихатының отырысында депутат Азамат Айтқожин келесі мәселені көтерді.

Тұрғындар мүлік иелері бірлестігі және тұрғын үй иелері кооперативіне қатысты мәселені жиі көтереді. Осы орайда, қаладағы колледждердің бірінде арнайы факультет ашып, мамандарды даярлаудың мүмкіндігі бар ма?

- деп сұрақ қойды ол.

Мәслихат депутатының сауалына қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев жауап берді.

Елордада мүлік иелері бірлестігі және тұрғын үй иелері кооперативі басшыларына арналған оқыту курсы әзірленді. Ол курс политехникалық және тағы басқа жеке колледждерде бар. Аталған курс мүлік иелері бірлестігі ассоциациясымен бірлесіп дайындалды. Бұл жерде арнайы маман даярлаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Колледждер біліктілігін арттыру бойынша курстар ұйымдастыруға дайын. Одан бөлек, биыл Құрылыс колледжінде мүлік иелері бірлестігі бойынша «хаус-мастер» деген мамандық аштық. Бүгінде лицензия алынды, түлектер қабылданады

, - дейді ведомство басшысы.