Мүлік нарығында енді біркүндік компаниялар болмайды - Өмірзақ Шөкеев
АЛМАТЫ. Тамыздың 1-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Мүлік нарығында енді біркүндік компаниялар болмайды. Оны Премьер-Министрдің 1-ші орынбасары Өмірзақ Шөкеев бүгін Алматы қаласы мен облысындағы мүлік нарығы мен үлескерлер мәселесін талқылауға арналған алқалы жиында айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Дағдарысқа қарсы шаралар уақытша. Қазір кейбіреулер бағаның ілі де түсуін күтіп отыр. Қазір нарықта қозғалыс байқалып, сұраныс арта бастады. Мүлік нарығында енді бағаның одан ары төмендеуін күтудің қажеті жоқ. "Үлестік құрылыс" заңы бойынша үлескерлерді тарту үрдісі қатайтылды. Құрылыс компаниялары өз активін көрсетпесе, үлескерлерді тарта алмайды", дейді вице-премьер. Оның айтуынша, енді үлескерлердің қаржысы құрылыс компанияларында емес, банкте сақталмақ. Мүлік нарығындағы дағдарыстан алған сабақ бойынша жаңа заңда үлескерлер құқын қорғауға ерекше мән беріліп отыр. Соның нәтижесінде мүлік нарығында енді бұрынғыдай жылдам қарқынмен даму үрдісі қайталанбайды.